Алла Тағаланың жалғыздығына, теңі мен ұқсасы жоқ екеніне қарамастан серік қосушы кісіні «мүшрік» деп атаймыз. Ширк пен күпір сөзі бір-біріне жақын ұғымдар болғанымен, мағыналары әр түрлі.
Күпір дегеніміз – иман негіздеріне сенбеу, Алланы тәңірі деп, Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) пайғамбар деп қабыл етпеу болса, ширк – Алланы екеу немесе бірнешеу деп қабылдау болып табылады.
Алғашқысы Жаратушыны, Оның Елшісін қабылдамайды, соңғысы Аллаға серік қосады. Сондықтан, мүшрік те, кәпір де Алланың азабына ұшырайтын қауым болып саналады. Құранда кәпірлер және мүшріктер деп жеке-жеке тоқталып, екеуінің өздеріне тиесілі ақыреттік жазалары айтылады. Әсіресе, Алланың өзіне серік қосуды ешқашан кешірмейтіндігі мына аятта баян етілген: «Негізінен Алла өзіне ортақ қосуды жарылқамайды. Одан басқа кімді қаласа жарылқайды. Ал кім Аллаға ортақ қосса, расында өте қатты адасты» (4.Ниса-116).
Алла Тағала біздерге серік қосудан аулақ тұруымызды, өзіне ғана құлшылық етуімізді, өзінен ғана жәрдем тілеуімізді бұйырады. Бұл жайында да көптеген аят бар. Мысалы: «Алламен бірге басқа тәңірді шақырма! Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Оның өзінен басқа барлық нәрсе жоқ болады. Үкім Оған тән. Сондай-ақ Оған қайтарыласыңдар» (28.Қасас-88). «Аллаға бойұсынған түрде Одан қорқа отырып, намазды орындаңдар. Әрі ортақ қосушылардан болмаңдар» (30.Рум-31).
Аллаға серік қосудың да бірнеше түрлері болады:
а) Ширки истиқлал (екі құдай қабыл етумен серік қосу)
Алла Тағаланы жаратушы Ие деп қабыл еткенімен, екінші бір тәңірінің бар екендігін яғни әлемді екі құдай билейді деп, құдайды екеу етіп қабыл етушілерді - «ширки истиқлал» дейміз. Мысалы, Мәжусилер «Жақсылық құдайы», «Жамандық құдайы» деп екі құдайға сенеді. Себебі, әлемдегі зұлымдық атаулыны Алла жасамайды, оны жасаушы екінші бір Зұлымдық құдайы бар деп ұғынады.
б) Ширки тәбғиз (Алла құдайлардан тұрады деп серік қосу)
Алла Тағаланың бір екендігіне сенгенімен, Аллаһты бірнеше құдайлардан тұрады дейтіндерді «ширки тәбғиз» дейміз. Мысалы, Христиандар Алланың Жаратушы Ие екендігін қабыл еткенімен, үштік сенімге сенеді. Бұлай сенген адам Аллаһ құзырында кәпір бола- ды: «Расында Алла үштің үшіншісі дегендер кәпір болды. Бір тәңірден басқа тәңір жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан сондай қарсы келгендерге күйзелтуші азап бар» (5.Майда-73).
в) Ширки тақриб (дәнекер қою арқылы серік қосу)
Әлемнің жаратушысы болған Алланың бір екендігін қабыл етумен қатар Аллаға жақындастырады деген сеніммен тастан, ағаштан немесе басқа да бір заттан жасалған пұтқа, мүсінге сиынуды - «ширки тақриб» дейміз. Мысалы, Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуіріндегі Меккелік мүшриктер пұтқа осындай сеніммен табынған. Олардың түсінігі бойынша, Алла әрқайсысымызға бір мезетте назар аудара алмайды, сондықтан Алла пен арамызды байланыстырушы пұт деп сенді. Бұл жайында Құран былай дейді: «Аллаға иланбай, басқаға табынғандар: «Оларға шоқынғанда, біз тек солар бізді Аллаға жақындастырсын деп шоқынамыз»,- дейді» (39.Зумәр-3).
г) Ширки тақлид (еліктеу арқылы серік қосу)
Арнайы түрде тәңір ретінде таңдап алмаған, тек ата-бабаларынан бері келе жатқан әр түрлі затқа сиынуды ‑ «ширки тақлид» деп айтады. Ата-баба жолын, дінін ұстаймыз деп пұттарға табынушылық осыған жатады. Құранда бұл мәселені былай деп келтіреді: «Осылай- ша сенен бұрын бір мемлекетке пайғамбар жіберген болсақ олардың беделділері: «Расында біз аталарымызды бір жол үстінде таптық. Біз де солардың ізінен жүреміз», - деді» (43.Зухруф23).
д) Ширки әсбаб (табиғат заңдылықтарын негізге алумен серік қосу)
Әлемдегі әр түрлі заңдылықтардың Алла тарапынан жаратылмағандығын керісінше, өздігінен кездейсоқтық нәтижесінде жаратылғандығына сенгендерді - «ширки әсбаб» дейміз. Мысалы, материалист философтардың түсінігін осы бабтағы ширкке жатқызамыз.
"Иман негіздері" кітабынан