Түсім айдай келеді...

Түсім айдай келеді...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жалпы біз түсті қалай түсінеміз? Адамдардың барлығы дерлік түс көреді. Бірақ әр адам түсті әртүрлі түсінеді. Кейбір адамдар қатты ауырып ес түсінен айрылып қалған кезде қатты ұйқыға кетеді. Сол кезде де мен біраз жерді көріп келдім, тіпті жұмақты немесе жәһәннәмді көрдім деп жатады. Сол көрген түсінен кейін имандылыққа келіп намаз оқып Аллаға құлшылық жасай бастайтын адамдар да кездесіп жатады.

Жалпы адам баласы жанмен тәннен тұрады. Адам баласының жаны ол шексіз әлемге жатады, өйткені адам баласы ұйықтап жатқан кезде басқа қалаларда тіпті Мекке қаласын көрдім деп жатады, түсінде ол өзі үйінде ұйықтап жатқан болады. Осындай жағдай кез келген адамда болады.

Ұйықтап жатып көрілген нәрселер шындыққа ишарат болуы мүмкін болумен қатар, шындықтан тыс және ояу кезінде ойында жүрген нәрселер, қалауына қол жеткізе алмаған нәрселер де болуы мүмкін. Сондықтан түстер Рахмани яғни Алладан және періштелерден, немесе шайтани әзәзіл шайтанмен нәпсіден болады. Пайғамбарларға уахи келу жолдарының бірі рахмани шыншыл түстер. Біздің пайғамбарымыздың алғашқы жылдарында көрген түстері осы өмірінде қайталанып отырған. Түстердің шын болатыны туралы Алла тағала Юсуф сүресінің төртінші және бесінші аяттарында айтады:

«Сол уақытта Юсуф (ғ.с.) әкесіне: «Әкетайым! Рас мен түсімде он бір жұлдыз және күн мен айды, маған сәжде қылғанын көрдім» деді. (Яқұб ғ.с.) «Әй балақайым! Түсіңді туыстарыңа айтпа! Саған бір айлакерлік жасар. Расында шайтан адам баласына ашық дұшпан» деді.

Пайғамбарлардың көрген түстері шын және тура болумен қатар салиқалы адамдардың да көрген түстері шын және тура бола алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да осыған ишарат еткен:

«Кімде-кім түсінде мені көрсе, міндетті түрде ол шындығында және ақиқатында мені көрген болып саналады. Себебі шайтан менің бейнеме кіре алмайды».

Ислам ғалымдары жақсы игі түстің Алладан, жаман түстің шайтаннан келетінін айтқан. Сонымен бірге жақсы ұнамды түс көрген адам оның Алладан екеніне сеніп басқалармен де бөліскені жақсы. Нашар ұнамсыз түс көрген адам оның шайтаннан екен деп, оның жамандығынан Аллаға сиынып басқаларға жарияламауы керек. Қазақ халқы жалпы жақсы сөз жарым ырыс, жақсы пікірде, жақсы ниетте болу керек деп жатады.

Түстің өзін кейбір үлкен кісілер түс сынап сияқты, оны қалай жорысаң солай ауып кетеді, қандай түс көрсеңде жақсылыққа жоры деп жатады.  Тіпті түсінде көрген нәрсесін түсінбеген жағдайда арнайы түсті жақсы жоритын адамдарға жорытқан. Жаман түс көресе, түс түлкінің тезегі, деп қатты мән бермеуге тырысқан.

 Осы түс туралы үлкен әжемнің айтқан бір әңгімесі есіме түсіп отыр. Ілгергі уақытта үлкен ас жиын болып, бәйгіге ат қосайын деп бір күн бұрын дайындалып жатады. Сол түні түс көреді. Бәйгіге қосқан атын жығылды-жығылды деп жатыр екен, сонда таң ертең тұрып жақсылыққа жориды. Ат құласа құласын адамы аман болса екен деп Алладан сұрайды. Айтқандай бәйгіден бірінші келе жатқан ат кілт тоқтайды, адамы аман сөйтсе аттың тұяғы бір шұңқырға кіріп кетіп сіңірі үзіліп кеткен екен. Содан ол атты тіпті үйге әкелместен құдайы қылып сол жерде таратып жібереді. Дегенмен түске қатты бір мән беріп байланып қалуға болмайды. Кейбір адамдар түсінде қайтыс болған адамдарды көріп жатады. Ондай жағдайда оларға білген құранын оқып бата тілек жасап қойған жақсы. Арнайы мал сойып құдайы тамақ таратуы шарт емес.

Жаман түс көргенде пайғамбарымыз 4 нәрсені жасаңдар сонда сендерге ол түстің еш зияны тимейді деген.

  1. Сол көрген жаман түстен және шайтаннан Алла тағалаға сиынып дұға жасау керек.
  2. Сол жағына үш рет түкіру (сүф-сүф) деп айту.
  3. Жатқан жанбасынан ауысып басқа жағымен жату.
  4. Көрген түсті ешкімге айтпау.

 Жалпы қандай түс көрейік оны жақсылыққа, ізгілікке жорып жақсы ниетте болайық. Баршамызға Алланың өзі жар болсын, пейіліміз кең нйетіміз ақ болсын. 

Ораз БАЙМАХАНОВ,

«Әулие ата» мешітінің бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: