Жолаушылық үкімі қай жерден басталады?

Жолаушылық үкімі қай жерден басталады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Тұрған мекенінің (қала, ауыл) соңғы үйлерінен өткен уақыттан бастап жолаушы саналады. Қаламен бітісе орналасқан ауылдар да қала саналып, олардан өткен кезде ғана жолаушылық үкімі жүреді. Яғни, намаздарын қысқартып оқи алады.

Қала біткеннен кейін кездесетін бірең-саран үйлер есепке алынбайды. Жолаушы өз жерінен бөгде жерге барып, сол жерде он бес күн, яки одан да көп мерзім қалуға ниет етсе, тұрғын саналып, жолаушылық үкімінен шығады.

Егер де он бес күннен аз қалуға ниет етсе, намаздарын қысқартып оқиды. Жолаушы үйіне қайтып келгенге дейін жолаушы саналады. Негізгі тұрған жерінен көшіп, басқа жерге толық орналасқаннан кейін, көшкен жеріне он бес күннен аз мерзім үшін қайта келсе, намазын қысқартып оқиды.

Жолаушылық үкімінің тоқтауы үшін 15 күн тұруды ниет еткен жер – бір жер болуы керек. Егер бөлек-бөлек жерлерде жалпы 15 күн қалуды ниет етсе, жолаушылық үкімінен шықпайды. Мысалы, 10 күн Атырауда, 5 яки 14 күн Қарағандыда болуды ниет етсе, жолаушылығы бітпегендіктен намаздарын қысқартып оқи береді. 15 күн қалу ниеті бірден ниет етілу керек. Егер 7 күн қаламын деп ниет етіп, жеті күн өткеннен кейін кейбір себептерге байланысты тағы да 10 күн қалуды ниет етсе, қалған күндерінің жалпы саны 17 күн бола тұра жолаушылық үкімі тоқтамайды. Өйткені уақыттар бөлек-бөлек ниет етіліп, белгіленіп отыр. Жолаушылық уақыты бітпесе де бір жерде 15 күн тұруды ниет ету арқылы жолаушылық үкімі тоқтайды. Намаздарын қысқартпастан толық оқиды.

Жолаушы 85-90 шақырым жол жүргеннен кейін, жарты жолдан үйіне қайтуды ниет етсе, үйіне келгенге дейін жолаушы саналады. Яғни, тек қана үйге қайту ниеті жолаушылықтан шығармайды. Намаз жамағатпен оқылғанда тұрғын – жолаушыға, жолаушы – тұрғынға ұюына болады. Бірақ тұрғын адам жолаушыға ұйығанда, екі рәкаттан кейін жолаушы имамның сәлем беруін күтеді.

Жолаушы имам екі жаққа сәлем берген кезде, тұрғын сәлем бермей, орнынан тұрып қалған екі рәкатын толықтырып оқиды. Ал егер жолаушы тұрғынға ұйыған жағдайда, намазын төрт рәкат етіп, толық оқиды.

Имамға бағыну шарт. Жолаушылық кезде қаза болған намаздардың қазасын кейін жай уақытта оқыған жағдайда да екі рәкат қылып қысқартып оқиды. Сол сияқты жай уақытта қаза болған намаздардың қазасын жолаушы болған уақытта оқыса, қысқартпай толық оқиды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: