Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) келіні осындай еді...

Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) келіні осындай еді...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 «Аллам, оларға ет пен суда береке бер!»

Ибраһимнің ұлы Исмаил (ол екеуіне сәлем болсын) журһум тайпасының арасында өсіп, кәмелетке толады. Ибраһим жылына бірнеше рет оны көруге келіп-кететін. Бірде Ажар дүние салғаннан кейін, Ибраһим ұлын көруге келеді.

Бұл кезде Исмаил журһумдіктердің бір қызына үйленген-ді. Үйіне келсе, Исмаил жоқ екен. Әйелінен жағдайларын сұрайды. Келіні оған: «Таршылықта, қиындықта өмір сүріп жатырмыз», – деп шағымданады. Ибраһим оған: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем айт, есігінің табалдырығын ауыстырсын», – дейді.

Үйіне келген Исмаил бірдеңені сезіп: «Сендерге біреу келді ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, бір қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. Мен таршылықта, қиындықта күн кешіп жатқанымызды жеткіздім», – деп Ибраһимді сипаттап береді. «Саған бір өсиет айтты ма?» – дейді Исмаил.

Әйелі: «Иә, саған сәлем жолдауымды және есігіңнің табалдырығын ауыстыруды тапсырды», – дейді. Сонда Исмаил әйеліне: «Ол – менің әкем. Маған сенімен ажырасуды бұйырыпты. Сен төркініңе қайт», – дейді. Сөйтіп, онымен ажырасып, басқа әйелге үйленді. Сосын Ибраһим бірде тағы да келіп, Исмаилды үйінен таппайды.

 Әйелінен жағдайларын, күнкөрістерін сұрайды. Келіні жағдайларының жақсы екенін айтып, Алланы мадақтайды. «Тағамдарың не?» – деп сұрайды Ибраһим. Келіні: «Ет», – дейді. «Сусындарың не?» – деп сұрайды. «Су», – дейді келіні. Ибраһим: «Аллам, оларға ет пен суда береке бер!» – деп дұға қылады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сол күндері оларда дәнді дақыл жоқ болатын. Егер оларда дәнді дақыл болғанда, сол үшін оларға 31 дұға қылар еді. Меккенің көзінде ешкім ол екеуінсіз (ет пен сусыз) қалмайды», – деген. Сосын Ибраһим келініне: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолда және есігінің табалдырығын бекітуді тапсыр», – дейді. Исмаил келіп: «Сендерге біреу келді ме?» – деп сұрайды.

Әйелі: «Иә, бір келбетті қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. «Жағдайымыз жақсы» деп айттым», – дейді. «Саған бір өсиет айтты ма?» – дейді Исмаил.

Әйелі: «Иә, ол саған сәлем жолдады және есігіңнің табалдырығын бекітуіңді бұйырды», – дейді. Исмаил оған: «Ол – менің әкем. Сені өзімде ұстауымды бұйырыпты», – дейді. Осылай қанағатшыл келін пайғамбардың дұғасын алады және ол дұғаның берекетін Мекке тұрғындары әлі күнге дейін пайдаланып келеді.

Біз Алланың ажыратқан ризығына қанағат танытпай, әркімге бір жағдайын айтып шағымданатын әйелдерге осы Ибраһимнің келінін өнеге етеміз. Ибраһим пайғамбар ұлына ондай әйелден айырылмауды тапсырған еді.

«Жоқ деген жоғалар, бар деген оңалар» дейді қазақ. Қашанда жоқты білдірмей, барды ұқсата білген әйел отбасының берекесі болмақ.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: