Бір хадисте ерлі-зайыптылардың арасына от салу үшін барын салатын малғұн əзəзілдің іс- əрекеті былай баяндалады: «Ібіліс судың (теңіздің) үстіне тағын құрады. Əскерлерін топтарға бөліп, əр тарапқа жібереді.
Əскерлерінің ішіндегі адамзатқа ең көп жаманшылық тигізгенінің мансабын жоғарылатып, дəрежесі жағынан да өзіне ең жақыны санайды. Жəрдемшілерінен бірі келіп: «Мына-мына істерді тындырдым», – дейді.
Ібіліс оған: «Сенің жасағандарың оншалықты маңызды істер емес», – деп жауап қатады. Сосын басқа біреуі келіп: «Ерлі-зайыптылардың арасын əбден бұзғанға дейін соңдарынан қалмадым», – деп ісін баяндайды. Ібіліс осыны айтқан жəрдемшісін қасына шақырып: «Сен сондай тамаша іс тындырыпсың!» – деп, оны марапаттайды».
Ерлі-зайыптының жүз шайысуы, тіпті, ажырасуға шешім қабылдауы шайтанның азғыруымен, арандатуымен іске асатын əрі оны барынша қуантатын жайт. Сондықтан мұсылман əйелдің болмашы нəрселер үшін жанжал шығарып ажырасуды ауызға алмағаны абзал.
Əсіресе жаңадан шаңырақ көтергендердің арасында жиі байқалатын көріністің бірі – келіншектің қит етсе ажырасу жайлы сөз қозғауы. «Байқаймын, осымен доғару керек сияқты. Біздің бұдан əрі жұбымыз жараса қоймас. Мəселені қиындатпай тұрғанда ажырасып тынайық.
Балалы болмай тұрып, бұл істі аяқтайық» немесе «Баламыз өспей тұрып бөлек-бөлек кетейік. Баламды өзім-ақ жетілдіремін. Бір баламды асырауға шамам жетеді», «Біз бір-бірімізді босқа алдап жүрміз. Бір шаңырақтың астында өмір сүруге лайықты жандар емеспіз.
Осыған екеуміздің де көзіміз жетті ғой, əрі қарай əрқайсымыз өз жолымызбен жүрейік» деген сияқты сөздермен істі тығырыққа əкеп тіреу қазіргі жастардың отбасы мəселесіне ат үсті қарайтынын көрсетеді. Отбасы дегеніміз – қалаған кезде құрып, көңіліне жақпаған сəтте илеудей жыға салатын баланың үйшік ойыны емес.
Тіпті, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бұл жайында: «Аса зəру жағдайдың тысында күйеуінен ажырасуды талап еткен əйелге жəннаттың иісі харам», – деген. Осы хадистерден болар-болмас нəрсені сылтауратып ажырасу Ислам дінінде құпталмайтын іс-əрекет екенін байқаймыз. Мұсылман əйел отбасында қиыншылықтар туындай қалса, сыр білдірмей, байсалды қалпын сақтап, қасиетті шаңырақтың шайқалмауы үшін қолдан келген амалдың бəрін жасап бағу керек.
Хақ іске əрдайым жақтас болатын Хақ тағала сонда мұсылман əйелге нəубеттің артынан қуанышты күндерін сыйлары да анық. Əйел өзіне Тəңір тарапынан берілген жүрек жылуын жоғалтпай, отбасының береке-бірлігін болашаққа деген тəтті үмітін аялап, бесіктегі баладай əлдилегені абзал. Дініміздің діңгегін ұстап тұрған Пайғамбарымыздың (с.а.с) өсиеттерінің бүгінгі күнде қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін тағдырдың ащы дəмін татып жүрген жандардың өз ауыздарынан шыққан жан күйзелістерін сіздермен бөліспекпіз.
Сол жандардың бірі өзектегі өкінішін былай тілге тиек етеді: «Кəмелеттік жасқа тола салысымен тұрмыс құрдым. Жастықтың желігімен алды-артыма байыптай қарамаппын. Қандай жерге келін болып түсетінімді, болашақ өмірлік жарымның қандай жан екенін дұрыстап ой елегінен өткізіп те көрмеппін. Оның бір-екі ауыз əзіл- қалжыңына, жылтыр сөздеріне ғашық болыппын. Тіпті жастықпен өзімді жақсы жар бола аламын ба деп сынап, болашаққа бір мəрте де көз жүгіртіп көрмеппін.
Бейнебір базарға кетіп бара жатқандай, не де болса бара көрермін деген көзсіз тəуекелге бел буыппын. Күйеуіммен екі жыл ғана отастым. Ажырасқаныма бес жыл болды. Енді өткеніме өкінішпен үңілемін: ерлі-зайыптық өмірдің қиындықтарына сабырлылық танытпастан, түймедейді түйедей көріп, болмашы нəрсе үшін ажырасуға қадам жасаппын.
Көріп отырғаныңыздай, тұрмыс құруым қалай тез болса, ажырасу шешімін де солай тез қабылдаппын. «Күйеусіз де күнімді көрермін», «баламды ешкімнен кем қылмаспын» деген жалған намысты желеу етіп, сол айтқанымдай күйеусіз де күнімді көріп, баламды да ешкімнен кем қылмадым. Бірақ бұның бəрі сырттай қарағанда тəуір көрінгенімен, айналып келгенде жаныңда шүйіркелесіп əңгіме-дүкен құрып отыратын жан жарың, емірене иіскеп балаңның басынан сипайтын əкесінің болғанына ештеңе жетпейді екен.
Кешкісін жұмыстан үйіңе келгенде, кешкі асыңды дайындап, отбасы мүшелеріңмен бірге жаймашуақ дастарқан басында отыру ғанибет емес пе? Үйіңде ер кісі болмаған соң кейде дұрыстап тамақ та істегің келмейді. Балам екеумізге бір нəрсені асығыс қуыра саламын.
Кейде дүкеннен дайын нəрсені сатып алып, сонымен жүрек жалғаймыз. Үйде отағасы болса, тамақты да баптап жасайсың. Үйіміз деген аты болмаса, жарты қабырғасы құлап, іші азынап тұрғандай көрінеді. Ал басқа біреуге күйеуге шығайын десем, ендігі жерде баламды жаутаңдатқым келмейді. Сыртым бүтін, ішім түтін. Қателігімді кеш ұқтым.
Осылайша қолыммен жасағанды мойныммен көтеріп жүрген жайым бар». Отбасының қадірін кеш түсініп, зар жылаған осы келіншекпен тағдыры ұқсас өмірде қаншама жалғыз басты əйелдер бар.
Тап осындай жалғызбасты ананың бірі қыз-келіншектерге өзінің өмір тəжірибесімен бөлісе отырып, былай деп ақыл-кеңесін айтады: «Ата-анам келін боп түскен қасиетті орынымды жақтырмады. Əсіресе анам төркіндеп барған сайын енемді, күйеуімді жамандап, жағымсыз сөздерін миыма құйып жіберетін. Ағаларым да күйеуімді кекетіп, мұқатып, менсінбей отыратын. Солардың əсері болды ма, мен де күйеуіммен көп отаса алмадым, үш жылдың ішінде ажырасып тындым.
Бастапқыда ата-анам да, ағаларым да баламның қамын ойлап-ақ жүрді. Сондықтан ажырасқаныма онша ішім аши қоймады. Бірақ уақыт өте үлкен қателік жасағанымды аңғардым. Ата-анам мен ағаларымдыкі «Басқа үйдің жығуын білсем де, тігуін білмеймін» деген мақалдың сарыны болып шықты. «Алты жеңге бірігіп шеше болмас, алты жезде бірігіп əке болмас» деген осы екен.
Əсіресе бауыр етім баламның ауырған шақтары жаныма қатты бататын. Ыстығы көтеріліп ауырғанда таңға дейін көз жасымды көлдетіп қасында жалғыз өзім отырамын. Сондайда əкесі болғанда сүйеу болар еді ғой деп ойлаймын. «Балам мектеп жасына келсе ауру-сырқауы азаяр, өмір шамалы болса да жеңілдеп қалар» деп, өзімді іштей жұбатып жүрдім. Сөйтсем одан да зоры күтіп тұр екен.
Мектепке барғалы балам үйге жиі-жиі жылап келетінді шығарды. «Балалардан ата-анасының атын сұрады. Мен «əкем жоқ» дегенде сыныптастарымның бəрі ду күлді. Енді мектепке бармаймын» деп ызаланып ботадай боздағанда көкірегім қарс айырылып кететіндей болатын. Отбасы жайлы тақырыптар сөз етілсе, балам мүлде сабаққа барғысы келмейтін.
Ана болған соң мұның бəрі жаныңның жазылмас жарасына айналады екен. Бала не кием, не ішем демесе, еш нəрседен тарықпаса болды дегеннің жаңсақ ұғым екендігіне күн сайын көз жеткізе түсемін.
Жайнап тұрған гүлге күннің шуағы қаншалықты қажет болса, нəр беретін су да соншалықты қажет екен. Оған ананың да, əкенің де жүрек жылуымен аялы алақаны бірдей керек екен. Тоқсан торапты өмір жолында түйгенім осы болды. Сондықтан да ақ босаға аттаған əрбір келінге айтарым – болмашы нəрседен кикілжің шығарып, ажырасамын деген сөзден аулақ болыңдар. Мүмкіндігінше қосақтарыңмен қоса ағарыңдар.
Жалғыз басты əйелдердің тірлігіне қызықпаңдар. Олардың бəрі сырт көзге еш нəрсе білдірмеуге тырысқанымен, жандарында жазылмас жара бар. Балаларыңды тірі жетім қылып, көздерін жəудіретіп, жан дүниесіне дақ түсірмеңдер. Күннің жаймашуақ сəулесі мен суға қанған гүлдей жайқалып өссін. Өмірдің мəні де, сəні де отбасының жылуында».
Осы күні мұсылмандығымыз сөгіліп, селдіреп, ата-баба дініне сызат түскені сондай, кеше ғана бір-біріне өлердей ғашық болып үйленген жастар бүгін ажырасып жатса, оған ешкім де таңданбайды.
Тумай жатып тастанды атанған сəбилер осындай шалағай құрылған шаңырақтың нəтижесінде өмірге келеді. Жалғызбасты ананың тəрбиесінде өскен баланы бəрібір де кемел тəрбие алды дей алмаймыз.
Құқық қорғаушылардың қара тізімінде тұратын, ерте жастан ішкілік пен нашақорлыққа салынып, үй көрмей, түн қатып тентіреп, қылмысқа ұрынатындардың көпшілігі əке тəрбиесін көрмей өскен жасөспірімдер екені белгілі. Уақытша қиындықтарға шыдамай ажырасуға тұра ұмтылатындар балаларының да болашағына балта шабатындарын бір сəт ойға алуы керек.