АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН – АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ

АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН – АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тілден келетін апаттар өте көп және әртүрлі. Сол апаттардың бірі әрі ең қауіптісі аңдамай сөйлеу. Бұлай сөйлеу таза жүректі қатты ластайды. Адамның табиғатында да бұл дертке бейімділік бар. Аталмыш дерттен құтылудың ең оңай жолы ойланып, асығыстық жасамай байыппен сөйлеу болып табылады. Бұл адам бойындағы құндылық. Ойланып сөйлеу абыройды сақтап, адамды жәннәтқа қарай жетелейді.

Бұл жайлы Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ يَضْمَنُ لِي مَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ وَ مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ ضَمِنْتُ لَهُ بِالْجَنَّةِ

 «Кім маған екі аяғы мен екі жағының арасындағы нәрсеге кепілдік берсе, мен оған жәннәттқа кіру кепілдігін беремін», - деген (Бұхари, Тирмизи).

Бұл екеуі де нәпсіге берілген кезде оңай бас көтеретін аса қиын ағзалардың бірі. Өйткені, аңдамай ауызбен айта салу адамға ешқандай қиындық тудырмайды. Адам айтатын сөзіне абай болмаса, бір ауыз сөзбен күпірлік келтіруі де әбден мүмкін. Ғайбат та аңдамай айтылған бір ауыз сөз. Жасалуы оңай, өтемі тым ауыр күнә. Зиялы жандардың бәрі аңдамай сөйлеуден қатты сақтанған.

Мұхаллад ибн Хусайн (Алла оны рақымына алсын): «Елу жылдан бері кешірім сұрауға себеп болатын бір ауыз сөзді аңдамай айтпадым», - деген екен.

Адам аңдамай сөйлеу арқылы ауырмай өліп қана қоймай тозақтық та болып кетеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بالْكَلِمَةِ مَا يَتَبَيَّنُ فِيهَا يَزِلُّ بِهَا فِي النَّارِ أَبْعَدَ مِمَّا بَيْنَ الْمَشْرِقِ وَ الْمَغْرِبِ

 «Пенде аңдамай бір сөз айтады да, ол себепті тозақтың батыс пен шығыстың арасынан да шұңқыр жеріне түседі», - дейді (Ахмад, Бұхари, Муслим).

Дүниелік мәселелердегі талас-тартыстарда көбінше аңдамай сөйлеу орын алады. Соның кесірінен қаншама адам ауырмай өлген. Кейбіреулер тозақтық болады. Ойланып, орынды сөйлеу кісінің даналығын көрсетеді.

Данышпандардың бірінен: «Сізді бұндай даналыққа не жеткізді?» деп сұралғанда, «Білген нәрсемді сұрамаймын, аңдамай сөйлемеймін», -  деп жауап берген екен.

Бір миллиардер адам дүниесіне әбден мастанып: «Құдайың маған не істей алады? Ауру бере ме? Берсін. Бүйрегімді ауыртса, оны ауыстырамын. Мына заманда жүректі де ауыстыра салуға болады. Ақша болса болды. Ендеше Құдайың мен болам!» - деп аңдамай айтып салады.

Бір күні үлкен, қалың сейфінің ішіне кіріп ақша санап рахаттанып отырғанда, сейф есігі жабылып қалады. Кодпен ашылатын онысының тілін өзі ғана білетін. Сейфтің қалыңдығы сонша, оның ішіндегі дауыс сыртқа шықпайтын еді.

Сонымен, көп ақшасының ортасында, бір жұтым ауаға зар болып бейшара миллиардер ажал құшады. Сонша дүниесі оның жанына араша бола алмайды. Өлімде тұрған ештеңе жоқ, өлімнен кейінгі жағдайын айтсаңызшы!... Аңдамай сөйлеген ауырмай-ақ өледі деген осы да!

  Амангелді ЕМБЕРГЕНОВ

«Құлбай баба» мешітінің имамы

    

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: