«Ит жерік» деп иттің табағына тамақ аунататын ырымға шариғат не дейді?

«Ит жерік» деп иттің табағына тамақ аунататын ырымға шариғат не дейді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын! Әлемдердің Жаратушысына сансыз мақтаулар мен мадақтаулар болсын! Оның елшісіне салауаттар мен Алланың сәлемі болсын!

     Адамзаттың жаратылысында бір нәрсеге сенуге деген мұқтаждық бар екені баршаға мәлім. Сенім – адам жаратылысының бір бөлігі деп айтсақ артық болмас. Сол үшін де жаратылыс тарихында адамзаттың әртүрлі діни сенімдермен өмір сүруі заңды құбылыс. Ал енді қай кезде адамдар қандай сенімде болғаны, кімнен, неден медет жәрдем сұрағаны ол басқа әңгіме. Маңыздысы сенімнің екі түрі бар екенін білуіміз керек. Біреуі Алла Тағаланың жіберген иләһи діні. Екіншісі, адамдардың өздері ойлап тапқан наным – сенімдері.

     Біздің дініміз – ислам. Өзіміз мұсылмандармыз. Өмір сүру қағидаларын үйрететін кітабымыз жиырма үш жыл бойы Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) уахи болып Жебрейіл (а.с.) періште арқылы түскен Құран Кәрім. Осы Құранда Алла Тағала ең бірінші түсірген аятта «Оқы» деп бұйырады. Бұл өз кезегінде адам өмірінде ең маңызды орын алатын нәрсе ғылым екенін көрсетсе керек. «...Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?...» деп келетін аят та бар. Білмейтін нәрсені білім иелерінен сұрау керек екенін түсінеміз бұл жерден. Бұндайда дана халқымыз «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп дәл айтқан.

     Ал енді осы әңгімемізге арқау болып отырған «ит жерікке» қатысты айтар болсақ. Жалпы дінімізде фиқһ деген сала бар. Ол мұсылмандарға амалдарды қалай жасау керек екенін үйретеді. Сол кітаптың тазалық бабында ыдыста тұрған судан келіп ит су ішетін болса, ол су лас болып есептелетінін айтады. Ол суды ішпек түгілі, онымен жуынуға тіпті киімді жууға да болмайды. Өйткені иттің етін жеуге болмайды, оның үкімі харам. Ал ит су ішкенде болсын тамақ ішкенде болсын тілімен ішеді. Яғни сілекейі араласады деген сөз. Ал сілекей еттен бөлінетін болғандықтан иттің жалаған заты лас болып есептеледі.

     «Ит жерікті» бұлай емдеудің дінімізде де, медицинада да ешқандай негізі жоқ. Оның емін дәрігерлерден сұрау керек. Сол дәрігерлердің, яғни мамандардың айтқаны бойынша емдеу керек. Қосымша Аллаға тәуекел етіп, Одан жәрдем, шипа сұрау керек. Бұл бір қараңғылық дәуірден жеткен ырым. Иттің тамақ ішетін ыдысында сондай бір ем бар, сол арқылы ит жеріктен арыламыз деген сенім пайда болады. Ал бұл болса өз кезегінде, Алладан басқаға иек арту, басқа бір заттан жәрдем күту болғандықтан, Аллаға серік қосуға жол ашатын амал болып кетеді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Ырым жасап, оған иек арту – ширк. Алайда Алла ырымды тәуекелмен жояды» деп ырым жасаудың күнә екенін, одан Аллаға тәуекел ету арқылы құтылуға болатынын үйретеді.

      Енді мәселеге басқа жағынан қарап көрейік. Ит, қасқыр, түлкі деген сияқты аңдар, өздеріңіз жақсы білесіздер, әртүрлі аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылар болып есептеледі. Олай болса, біз осындай ырымдарды жасау арқылы сау адамға ауру жұқтыру қаупінің де жоғары екенін ұмытпауымыз керек. Оның үстіне бұл ырым жүкті әйелдерге жасалатынын ескерсек, қауіп екі еселенеді. Анасы арқылы іштегі балаға да қауіп төнуі әбден мүмкін ғой.

     Сөзімізді қорытындылай келе, бүгінгідей ғылымның, техника мен технологияның дамыған заманында, осы сияқты иттің ыдысына тамақ салып беру арқылы итжерікті емдейміз, болмаса сол сияқты басқа да ырымдар арқылы бір ауруларымызды емдеп аламыз, жолымызды ашып аламыз... дегендей тағы басқа да ырымдардан бас тартып, сенімімізді дұрыстап, әр істі өзінің маманынан сұрағанымыз жөн болады. Аллаға тәубе ете отырып, бір Өзінен ғана медет жәрдем сұрауымыз біздің мұсылманшылық жолымыз екенін білгеніміз жөн.  Осыған қатысты бабаларымыздан қалған сөз есімізге түседі. «Қазақ ырым етеді, ырымы қырың кетеді» деп қалай дәл айтқан дейсіз.

Ғ. Қонақбаев

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: