Отанды сүю - міндетің, Отанды қорғау - парызың!

Отанды сүю - міндетің, Отанды қорғау - парызың!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы, аң-құс та бір өңірді мекендеп, басқа аймақтарды жерсінбейді. Не нәрсені де саудалау сәнге айналған бір жылдары араб жұртынан келген қонақтар қазақ даласының қырандарын сатып әкеткені бар. Қырандардың аяғына сақина кигізіп, әлпештеп, аялап-ақ ұстайды. Бір қызығы, сол биіктік сақшылары бір күні ізім-қайым жоғалыпты. Сөйтсе, олар өздерінің бауыр басқан мекені, ата жұрты, жалғыз Отаны – қазақ даласына қайта оралған екен. Бұл олардың асып бара жатқан ақылдылығынан емес, туған өлкесіне деген жүректегі сағынышы мен махаббатынан туындаған.

Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы.

Егер осы бір төрт әріптен құралған сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, оның қаншалықты қастерлі ұғым екендігіне көз жеткіземіз. Өйткені, Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіңе жаратып отырған кең-байтақ жерің, қазыналы қариясы мен ақ жаулықты анасы бар алтын бесігің, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастан құралған ыстық ауылың, қадірлі ата-ана, сүйікті жар, сүйкімді балаң жүрген туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекен, «атамыз күйеу, анамыз келін болған жер». Міне, осы туған ел мен жерге еге болу, амандығын тілеу, ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел тыныштығымен қатар рухани бірлікті сақтау – әрбір мұсылманның парызы. Мәдинаға хижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге түйесін шөгіп, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер болмас. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке жырақтамас едім», – деген еді.

Тағы бір жолы Ұхыд тауына қарап: «Біз Ұхыдты жақсы көреміз, Ұхыд та бізді жақсы көреді» дегені тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге, оның әрбір өзен, көл, тау, тасына деген ыстық махаббаты мен зор сүйіспеншілігін байқатады.

 «Біз, қазақ деген мал баққан елміз.

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз.

Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әрбір саналы адам қастерлі сөздің қасиетін өз ұрпағына ұқтыра білу керек.

Туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуді, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. 

«Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» демекші, бұл ел болашағына жасалған қамқорлық болары сөзсіз.

Әйгілі батыс ойшылдарының бірі Эпиктеттің: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық» деген сөзі де осы шындықты меңзеуде. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын». Демек, отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Пайғамбарымыз: «Адам қайтыс болса да үш түрлі адамның әжір сауаптары амал дәптерлеріне көзі тірі кездегідей барып тұрады. Артына тәрбиесі жақсы ұрпақ қалдырған адам. Ғалым кісінің еңбектері. Ел игілігіне жарайтын аурухана, көпір, кітапхана, мешіт салдырған адам», - деп, ел үшін жұмыс істеудің екі дүниеде де сауабы үзілмейтінін сүйіншілеген. Осы себепті сауап ниетімен қоғамның түзелуіне жұмыс істеу, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру әрбір мұсылманның міндеті.

Қорыта келгенде ,отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет бәрі қатарлас ұғымдар. Отанға деген сүйіспеншілік оған жанашырлықпен қарауға, көркейтуге үлес қосуға адал қызмет етуге халықты сыйлауға, халықтың тілі, ділі, салт-дәстүрі қалыптасқан мәдениеті, сүннет жолы, мәзхабы, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы және атамекен секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделуі тиіс.

Шернтязов Ғалымжан Сайлауұлы    

Қордай құран қариларын дайындау орталығының директоры

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: