Адам баласы болғасын бір-бірімізден қарыз алмай тұрмаймыз. Қарыз алуды біреудің аманаты деп білу керек. Ал аманатты уақытында өзінің егесіне қайтару парыз. Қарыз – біреуге үстемесіз, қайтарымымен берілетін материалды көмек. Шариғат бойынша, ол рұқсат етілген игі іс. Мұсылмандарға бір-бірінен қарыз сұрауына болады, ал бергені дұрыс. Бірақ қарыз беруші қарыз алушының ол ақшаны теріс істерге (құмар ойындары, ішімдік және т.б.) жұмсайтынын біле тұра, қарыз берсе – харам. Сондықтан қарызды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, т.с.с. жақсы істерге беру керек Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Біреудің таршылықтан қиналып барып сұраған қарызынан пайда көріп, өсімін шығару адамгершілігі бар пенденің ісі емес.
«Жаманнан би қойма - кесім салады,
Залымнан қарыз алма - өсім салады» - деп бекер айтпаған. Сондай-ақ, қарызға беріліп жатқан нәрсенің (ақша, егін, көлік т.б. құнды заттар) құны мен мөлшерін нақты білген дұрыс. Қайтарарда дәл сол мөлшерде (кем қылмай), келісілген уақытта беру керек.
«Бақара» сүресінің 282- ші аятында Алла тағала алыс-берістің тәртібін аятпен бекітіп қойған. Қарыз алған кезде екі кісіні куәге тарта отырып үшінші кісі қағазға жазып, қарыздың, алыс-берістің болғанын растап қағазға түсіреді. Қарызды беруде, уақытылы қайтаруды Алла тағала осы аятпен бұйырады», - дейді.
Сондықтан кімнің мойнында қарыз болса, оны өтеуге асығу керек, ал кімде біреуден алашағы болса, оны алған адамның есіне салу керек. Қарызыңды уақытылы қайтара алмасаң қарыз берушіден қосымша мерзім сұрауға болады. Ең бастысы қарыз беру, қарыз алу адамдардың сыйластығын бұзып, сенімімізге селкеу түсірмеуі тиіс.
Егерде адамның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн. Себебі қарыз беру – сауапты іс болып саналады. Қазір жағдайда осындай адамгершілік жетіспейді. Халық «Адамның күні – адаммен» деп бекер айтпаған Алайда қарыз беруші қиналған жанның жағдайын көріп қарызын кешірген жағдайда ол кісіге екі есе сауап жазылатынын пайғамбарымыздың хадистерінен кездестіреміз. Біріншіден, қарыз беріп, жәрдемдескені үшін сауап алса, екіншіден, қарызын қайтарып алмай кешіріп жібергені үшін сауап алады.
Ал қарыз алып қайтармай жүргендер мынаны білсін! Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Қандайда бір адамның мүмкіндігі бола тұра қарызын өтемей кешіктіретін болса, (қарызын өтегенге дейін) күн сайын амал дәптеріне зұлымдық ету күнәсі жазылады». Сондай-ақ тағы бір хадисінде «Өтемеу ниетімен қарыз алған адам қияметте ұры болып келеді» деп екерткен. Қарызы болған адам қарызын өтемей тұрып садақа бермеуі керек. Өйткені хадис шәрифте: «Қарызы бола тұра берілген садақа қабыл болмайды» делінген. Қысқасы, қарызданбауға қатты мән беру керек. Хазреті Лұқман Хәкім «Мойныма қарыз жүгін арқалап езілгенше тас арқалағанды таңдаймын» деген екен. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Алған қарызын өтегісі келмегендерге Аллаһу та’ала қиямет күні: “Бұл адамның ақысын өзіңде қалдырады деп ойладың ба?’’ деп ол адамның жақсы амалдарын алып, қарыз иесіне береді. Егер қарызын бермеген адамның жақсы амалы болмаса, қарыз иесінің жаман амалдарын, күнәларын қарыздар адамның мойнына жүктейді.» (Табарани)
Өйткені, қарыздану адамды күпірлікке дейін апаратынын ұмытпайық! Сонымен бірге қарызды бұл дүниеде қайтару керек. Қарызын қайтармаса, ақиретте ғана емес бұл дүниеде де қарыз иесінің жағдайы қиын болады.
Сұлтаншарип қажы ДЖАДРАЕВ
Т. Рысқұлов ауданы
«Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы