Жұмақтағы үш сарай

Жұмақтағы үш сарай

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Имран ибн Хұсейін (р.а.) келтірген хадисте былай келтірілген: «Басқа сахабаларға қарағанда Пайғамбарымыз (ﷺ) маған ерекше ілтипатпен қарайтын.

Бір күні маған: «Әй, Имран, саған ерекше құрметпен қарайтынымды білесің, менімен бірге қызым Фатиманың қалын сұрап үйіне кіріп шығуға қалай қарайсың?» – деді. Мен бұған қуанып: «О не дегеніңіз?! Сіздің жолыңызға жаным пида», – дедім. Екеуміз іле орнымыздан тұрдық. Фатиманың (р.а.) үйіне барғанда, алдымен есікті қақты. Сөйтті де естірте сәлем беріп: «Ішке кіруге бола ма?» – деп сұрады. Іштен «Уа, Расулалла, келіңіз» деген дауыс естілді. «Қасымдағы жолдасыммен бірге кіре берейін бе?» – дегенде, Фатима (р.а.): «Ол кісі кім?» – деп сұрады. «Имран» дегенді естігенде, Фатима: «Уа, Расулалла, үстімде бір жамылғы ғана бар», – деді. Пайғамбарымыз есіктен қолымен көрсетіп, оны қалай жамылғанының дұрыс екендігін білдірді.

Хазірет Фатима (р.а.): «Басыма не салам?» – дегенде, Пайғамбарымыз (ﷺ) беліне байлаған орамалын шешіп берді. Осыдан кейін барып рұқсатпен ішке кірдік. Пайғамбарымыз (ﷺ) қызымен амандасып, «Таңды қалай атырдың?» – деп сұрады. Хазірет Фатима (р.а.): «Алламен ант етейін, таңды қиналыспен әрең атырдым. Үйде тіске басар ештеңенің жоқтығы да арқама аяздай батуда. Қатты ашықтым», – деді. Мұны естігенде Алла Елшісінің (ﷺ) көзі жасаурап: «Балам, шыда. Ант етейін, үш күннен бері мен де ашпын. Алланың жанында менің дәрежем сенен әлдеқайда биік. Егер сұрасам, Алла маған азық жіберер еді. Алайда мен бұл дүниені емес ақыретті таңдадым», - деді. Сөйтті де қызының иығынан қағып: «Саған сүйінші хабар айтайын, сен Жұмақтық әйелдердің алдысың», – деді.

Хазірет Фатима (р.а.): «Перғауынның әйелі Әсия мен Мәриямның дәрежелері қандай?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (ﷺ) оған: «Әсия мен Мәриям өз дәуіріндегі әйелдердің, сен де өз дәуіріндегі жұмақтық әйелдердің биік санаттарын иелендің. Үшеуіңнің де Жұмақта сарайларың болады. Ол жерде қайғы-қасірет, жылау, қиналыс жоқ. Көкемнің баласы хазірет Әлидің кедейлігіне cабыр ет. Алламен ант етейін, мен сені екі дүниенің де мырзасы атанған күйеуге бердім», – деген екен».      

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: