ИСЛАМ және ДӘСТҮР

ИСЛАМ және ДӘСТҮР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Алланың қасында шынайы дін Ислам. Сондай Кітап берілгендер, өздеріне мәлімет келгеннен кейін араларындағы күншілдіктен ғана талас-тартысқа түсті. Кім Алланың аяттарына қарсы келсе, күдіксіз Алла тез есеп көруші. (Мұхаммед Ғ.С.) олар сенімен сөз таластыруға кіріссе: «Өзімді Аллаға тапсырдым әрі маған ергендерді де» де. Сондай-ақ кітап берілгендерге де надандарға да: «Исламды қабыл еттіңдер ме?»,- де. Егер олар исламды қабыл етсе, тура жол табар еді. Ал егер олар бет бұрса, саған жалғастыру ғана міндет. Алла құлдарын нақ көруші» (3:19-20).  

Алланың қалауымен, шыр етіп жарық дүние есігін ашқан уақыттан бастап, дәлірек айтсақ, Жаратушы Жалғыз Алланың қалауымен анамның құрсағына біткен уақыттан бастап – мұсылманмын, Аллаға шүкір. «Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан» (96:2. «Ал енді адамзат неменеден жаратылғанына бір қарасын; Бір атылып шыққан судан жаратылған. Ол, бел сүйек пен кеуде сүйектің арасынан шығады (86:5-7). Аллаға шүкір, мұсылманмын, Раббым – Алла, дінім – Ислам, Пайғамбарым – Мұхаммед (ﷺ). Шариғат бойынша, дүниеге ұл бала келсе ата-анасы 2 қой сойып, ал қыз бала келсе 1 қой сойып Аллаға шүкіршілік етіп қуанған халықтанмын. Ұлы ақын Абай атамыз:«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең...», - дегендей қазақ халқыныңбұрыннан қалыптасқан дәстүріне сай, адам баласының дүниеге келгенінен бастап, қайтыс болған уақытының бәрі де өлеңмен жырланып, өлеңмен жөнелтіліп отырылған. Мысалы: «Шілдехана жыры», «Бесік жыры», «Тұсау кесер жыры» және тағы да басқалары  өмірге сәби келген уақытта айтылатын дәстүрге сай жырлар. Ал адамзат өміріндегі қайғылы тарихи оқиғаларға байланысты, адам қайтыс болғанда естірту, көңіл айту, қоштасу, жоқтау сияқты қайғылы жырлар да бар. Жаназаға қатысты жырларда ата-бабаларымыздың өмір құбылыстарына берген бағасы, толғанысы, дүниетанымы көрініс алады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Юнус» сүресінде айтылғандай: (Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың қалауынан басқа өзіме пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Әр үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де ілгерлетілмейді де» (49).  Өмір бар жерде өлім де бар. Жаратушы Жалғыз Алланың қалауымен, жаны бар жаратылғандардың бәрі де пешенесіне жазылған уақыты таусылған шақта бақилық болары хақ.

Естірту – қайтыс болған адамның жайын хабарлаудың әлеуметтік ой-санаға құрылуы. Қайғылы қазаны естірте отырып, көңіл айтылуы. Естірту – ол да дәстүр.  Ата-анасы, баласы немесе жақын-жуығы қайтыс болған жағдайда оны айтып жеткізуді  «естірту» дейді. Естіртуші адам әлгі кісіге сыпайылап, тұспалдап жеткізіп, тоқтам айтып, оны бекем болуға шақырады. «Алла Өзі берген жанын Өзі алды. Сабыр сақтап, тоқтам қылыңдар», - деп басу айтады. Қайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Естірту қазаға байланысты жерде ған қолданылады. Естірту көпті көрген, жөн-жосық пен сөзді білетін адамдарға тапсырылады. Мысал үшін, қазақ халқынан шыққан біртуар ғалым, этнограф Мұхаммед Қанафия (Шоқан) Уәлиханов 30  жасында ауырып қайтыс болғанда, оның өлімін сол кезде аға сұлтан болып тұрған әкесі Шыңғыс Уәлихановқа  былай естірткен екен:                         

Ұлы өлмеген руда жоқ,

Қызы өлген Қырымда жоқ,

Қатыны өлмеген халықта жоқ,

Ағасы өлмеген аймақта жоқ,

Інісі өлмеген елде жоқ, 

Әкесі өлмеген әлемде жоқ, 

Шешесі өлмеген пенде жоқ,

Аққу ұшып көлге кетті, 

Дуадақ ұшып шөлге кетті,

Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, 

Оны Иесі өзі әкетті. 

Шоқан деген балаңыз

Бәріміз баратын жерге кетті…   

Жоқтау – аза ғұрпын көтере түсетін, қайғыны басатын, қазаға аса лайықты қаралы салттың бірегей түрі. Қайтыс болған адамның жақсылығын, еліне істеген қызметін, жақсы қасиеттерін паш  ететін тұрмыс-салт дәстүрі, жыр, зарлы өлең. Жоқтау азалы, қайғылы, зарлы үнмен жырланады. Қазалы күнде жоқтау айту - ұлттық-дәстүріміздің жақсы үлгісі. Жоқтау әндеріндегі адам өмірінің мәні мен қортындысының жинақталуы. Қоштасу әндері – жақын адамынан айырылудың күйініш-қайғысының көрінісі болып табылады.                                                   

Күнделікті күйбең тірліктің өзі - мұсылмандардың хақ діні Ислам мен халқымыздың дәстүрінің тығыз байланыста екендігін көрсетеді.  «Ислам» сөзі «бейбітшілік», Алланың заңдарына «мойынсыну, бағыну» болып табылады. Ал шариғат тілінде айтар болсақ, «ислам» — толық мойынсыну, Алланыңың алдында парыздарды орындау, Одан басқаға құлшылық қылмау болып есептеледі. Ислам дінін қабылдап, оны ұстанушы адам мұсылман деп аталады. Мұсылмандардың негізгі діни кітабы Құран Кәрім араб тілінде Алла тарапынан соңғы да сардар Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) 23 жыл бойы Жәбірейіл періште (ғ.с.) арқылы түсірілген. «Негізінен  Құранды  Қадыр  түнінде түсірдік» (97:1).Ислам дінінің негіздері бесеу. Қарапайым тілмен айтсақ, олар бес парыз деген атаумен аталады. Әрбір адамның мұсылман болуы үшін орындалуы парыз шарттары. Олар:

1. Шаһада  — күллі ғаламды, жандыны, жансызды жаратқан Алланың барлығына, бірлігіне, хазірет Мұхаммедтің Алланың құлы әрі соңғы пайғамбары екендігіне тілмен айтып, жүрекпен сену («Әшһаду ән-ла-иллаһа иллалаһ уа ашһаду әннә Мұһаммәдән ғабдуһу уә расулуһ»). 

2. Намаз - Ислам дінінің, яғни Аллаға сыйынудың, Алланың бізге берген нығметтеріне ғибадат қылып, құлшылық етудің негізгі діңгегі – күнде Алла ризалығы үшін бес уақыт намаз оқу.     

3. Ораза  – Рамазан айында өз нәпсісін тыйып, таң атқаннан күн батқанша ас-судан тыйылып, жаманнан алыстап,  бір ай Алла ризалығы үшін ораза ұстау.                                         

4. Зекет  – Аллаға сыйынудың,  дінге сенудің тағы бір талабы - ауқатты деп саналатын пенделердің, Алланың оларға берген несібесінен жылына бір рет зекет беруі. 

5. Қажылық  – мұсылман балиғат жасқа толса, дені сау болса және адал жолмен тапқан қаржысы, малы жеткілікті болса, өмірінде бір рет Мекке-Мәдинаға барып қажылық ғибадат жасау. Осы бес парызды өтеу әрбір мұсылман баласының Алла алдындағы борышы болып саналады.                                                                       

Енді «дәстүр» сөзіне келер болсақ, ол латынша «traditio», яғни  сабақтастық - әлеуметтік-мәдени мұраның  ұзақ уақыт бойына адамдар атадан-балаға қалдыратын, әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі. Дәстүр қоғамның барлық салаларынан көрініс табуы мүмкін, олардың діндегі, ғылымдағы, өнердегі, әдебиеттегі және басқа да салалардағы алар орны ерекше. Дәстүр – әдет-ғұрыпқа қарағанда ауқымды құбылыс. Дін мен дәстүр бірігіп адамзат баласын тек қана имандылыққа, жақсылыққа, тазалыққа, көркем мінезді болуға баулиды. Әдеп пен тазалыққа басты мән беруге үндейді. Тіпті, тамақтану және сусын ішу секілді жайттар да назардан тыс қалмаған. Ал, біздің ата-бабаларымыз осы секілді әдептерді жай қарапайым сөзбен айтып, үйретіп отырған.  Адам ас қабылдағанда өзін қалай ұстауы керектігі, асты дұрыстап шайнап, асықпай ішіп-жеу керектігіне де басты көңіл бөлінеді. Ас алар алдында қолды жуу, асты оң қолмен жеу және ең бастысы: «Биссмилляһи рахмани-рахиим» деп жеу. Мысалы үшін, Хафиз Ибн Хажар (р.а.): «Ыдысқа үрлемеу керектігі жайлы бірнеше хадисті келтірген. Өйткені, үрлеу тамаққа жаман исі беруі мүмкін. Бұл үрлеген адамның ауыз қуысынан жаман иіс шыққандықтан немесе көптен бері ауызын шаймағандықтан болады. Сондай-ақ, үрлегенде асқазанның буы сыртқа шығады», – деп түсіндіреді. Біле білген жанға, біздің Ислам дініміздің өзі тұнып тұрған өнеге, дәстүр, тазалық. Жан тазалығы, тән тазалығына ұштасып жатады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, әлсізге қамқор болуға үйретеді. Тіпті, ас ішіп, тамақтанып болған соң, «бізге ішкізген, бізге жегізген, мұсылман етіп жаратқан» Жаратушымызға шүкір айтуға тәрбиелейді. Дініміз де, дәстүріміз де арайлап атқан таңнан бастап, қызарып батқан күн аралығында адамзат баласының өміріне көп септігін тигізеді. Дін мен дәстүрдің адам тәрбиесінде де алар орны зор.  «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде», - дейді атам қазақ. Өзіміз мұсылман бола тұра, дініміздің Ислам екеніне қарамастан тілімізді шұбарлатып, дінімізді, дәстүрімізді қаралап жүргендер қаншама. Мұсылман бола тұра, басқа діндерді қабылдап, жанұяларымен «шоқынып» жүргендер де жетерлік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  бастауымен өткен бір жыл «Дін және Дәстүр» жылы деп аталуы өте құптарлық жайт. Өз адал діндерінен безіп, басқа дінді арқалап жүргендерге көп өнеге болған  жыл деп сенемін. Адасып жүргендер өз діндерін табар деген үміттемін. Қасиетті Құранымыздың «Фатиха» сүресінде айтылғандай: «Бізді тура жолға сала көр! Нығметке бөленгендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес! (1:6-7).                             

Дін мен дәстүрдің өз алдына екі бөлек құбылыс емес екенін, керісінше, адам баласын тәрбиелеуде екеуінің тығыз байланыста болатынына күнделікті өмірлік көріністе көзіміз жетіп жүр. Адал да асыл дініміз Исламды да және өзіміздің ата-бабамыздан бері мұра болып сақталып келе жатқан дәстүрімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық та дәріптейік. Сөзімнің соңын орыс халқының ұлы жазушысы Л.Н. Толстойдың мына сөзімен аяқтағым келеді: «Әрбір саналы адамның соңғы инстанциясы Ислам болып табылады»...

Сыдықова Ақерке

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: