Нәпіл намаздың түрлері

Нәпіл намаздың түрлері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Намаз – құлшылық атаулының ең ұлығы. Барлық дұға мен құлшылықты бойына жиған ғибадаттың бір түрі. Сондықтан адамның жағдайына байланысты және күннің уақытына қатысты оқылатын қосымша намаздар бар.

Тәһәжжуд намазы
Тәһәжжуд құптан мен таң аралығында оқылатын нәпіл намаз. Бұл намазды оқу үшін міндетті түрде бір ұйықтап тұру шарт. Тәһәжжудтың сауабы жайлы Әбу Үмәмәт (р.а.): «Түнде намаз оқыңдар. Бұл сендерден бұрын өткен ізгілердің жолы. Бұл Аллаға жақындатушы, жамандықты жоюшы және күнәдан тиюшы намаз»,-деген риуаят жеткізген.

Дұха намазы
Күн бір немесе екі найза бойы көтерілгеннен бастап бесін намазына дейін оқылады. Найза бойы көзбен болжамдап алғанда үш метр шамасынша. Яғни, күн шыққаннан соң жарты сағаттан кейін оқуға болады. Бұл жөнінде, Зайд бин Арқам (р.а.): «Алла Елшісі (ﷺ) Құба тұрғындарына шыққан кезде олар дұха намазын оқып жатқан, сонда «Бұл тәубе етушілердің намазы, түйенің ботасына сәске ыстығы тиген кезде оқылатын», - деген.
Айша (р.а.) анамыз: «Пайғамбарымыз (ﷺ) дұха намазын төрт рәкағат етіп оқушы еді, сосын қалағанша көбейтетін»,-дейді. Үмму Һани (р.а.): «Пайғамбар (ﷺ) дұха намазын сегіз рәкағат етіп оқыды. Әр екі рәкағат сайын сәлем беріп отырды»,-деген хадистер негізінде дұха намазын 2 рәкағаттан бастап 12 рәкағатқа дейін оқуға болады.
Дұханың қасиеті жайлы Әбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім дұха намазының екі рәкағатын үзбейтін болса, оның күнәлары кешіріледі. Тіпті, теңіз көбігіндей көп болса да», - деп айтқан.
Және Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыз (ﷺ) маған үш амалды өсиет етті, оны еш уақытта тәрк етпедім: «Үтір намазын оқымай жатпауды, дұха намазының екі рәкағатын тастамауды, бұл тәубешілер намазы және әр айда үш күн ораза тұтуды», - деген.

Сәлем намазы
Мешітке дәретпен кірген адамның екі рәкағат намаз оқуы мұстахап. Бұл намаздың шарты отырмай тұрып оқып алу. Әбу Қатада (р.а.) риуаят еткен хадисте:  «Кімде-кім мешітке кірсе, екі рәкағат намаз оқымайынша отырмасын», - деп айтылған.
Мешітке күніне бірнеше рет кірген адамға ханафи мазхабы бойынша сәлем намазын қайта оқудың қажеті жоқ. Сонымен бірге, мәкруһ уақытта және имам жұма құтпасын оқып тұрғанда сәлем намазы оқылмайды. Оған Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен: «Имам құтпа оқыса намазға да, сөйлеуге де рұқсат жоқ», - деген хадис негіз.

Тәуба намазы
Намаз пендені Жаратушысына жақындататын ең төте жол және Алла Тағаладан жарылқау тілеп тәуба етуде намаз ең маңызды дұға түрі екені мәлім. Сондықтан, мұсылман тәуба етуге бел буса жақсылап дәрет алып тәуба ниетімен екі немесе одан көбірек намаз оқығаны жақсы.
Әбу Бәкір (р.а.) риуаят етеді: Мен Алла Елшісінің (ﷺ): «Кісі бір күнә жасап қойса, сосын дәрет алып, намаз оқып Алла Тағаладан кешірім сұраса, әлбетте кешіреді деп мына: «Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқауын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды. Міне, солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан жарылқау және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей айбат», - аятын оқыды», - дейді.

Қажеттілік намазы
Адамның шешілмей жатқан шаруасы, керекті қажеттілігі болған кезде Жаратушыдан сұрауға міндетті. Ал, дұға-тілектің ең жақсысы намазбен болғаны. Әбу Дәрда (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім дәрет алып, дәретін жақсылап етсе, сосын екі рәкағат оқыса, екі рәкағатын (жалбарынуда, рүкуғ жәнен сәждесін орындауда) толық етіп оқыса Алла Тағала тілегін лезде немесе кейіндеу береді»,-деп айтылған.
Абдулла бин Әбу Әуфа (р.а.): Алла Елшісі (ﷺ): «Кімде-кімнің Алла Тағалада немесе адам баласының бірінде қажеті болса  жақсылап дәрет алсын да екі рәкағат намаз оқысын, сосын Алла Тағалаға мақтау, мадақ айтып, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат оқып барып:«Лә иләһә иллә Аллаһу әл-Халиму әл-Кариму, субхана Аллаһи Роббил арши ъазыми уәл хамду лилләһи Роббил ъаламин, әсәлукә мужибәти рохматикә уә ъазаимә мағфиротикә уәл ғанимәтә мин кулли биррин уәс сәләмәтә мин кулли исмин, лә тәдәъ ли занбән иллә ғофәртәһ уә лә һәммән иллә фәррожтәһ уә лә хәжәтән һиә ләкә ридан иллә қодайтәһә иә Архамәр рохимин»,-деп дұға жасасын», - деген.

Тәсбих намазы
Тәсбих намазы жайлы жеткен ең сенімді хадис Икриманың Ибн Аббастан (р.а.) келген риуаят: Алла Елшісі (ﷺ) Аббас бин Абдулмутталибке (р.а.): «Уа, Аббас! Уа, көкем! Саған бір нәрсе берейін он қасиеті бар. Оны орындар болсаң, Алла Тағала күнәңнің әуелгі және кейінгі, ескісі мен жаңасын, білмей және әдейі, кішісі мен үлкенін және жасырыны мен әшкересін кешіреді. Он қасиет: төрт рәкағат намаз оқы, әр рәкағатта Фатихамен қоса бір сүре оқы, сүре оқып болған соң тік тұрып: «Субхана Алла, әлхамду Лилләһ, уә лә иләһә иллә Алла, уә Аллаһу Акбар» деп 15 рет айт, рүкуғке барып 10 рет, рүкуғтен тұрған бойда 10 рет, сәжде жасап, сәждеде 10 рет, сәждеден бас көтеріп 10 рет, қайта сәждеге барып 10 рет, қайта сәждеден бас көтеріп 10 рет, осылайша әр рәкағатта 75 рет болады. Осыны төрт рәкағатта айтасың. Шамаң келсе, әр күні оқы, оған шамаң келмесе әр жұмада оқы, оған шамаң келмесе әр жылы бір рет оқы, оған шамаң келмесе өміріңде бір рет оқы», - деген.

Дәреттен кейінгі намаз
Дәрет алған немесе ғұсыл құйынған адамға екі рәкағат намаз оқу мұстахап. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді. Таң намазы кезінде Алла Елшісі (ﷺ): «Әй, Біләл! Исламда жасаған ең жақсы амалыңды айт, өйткені Жәннатта қарсы алдымда сенің кебісіңнің дауысын естідім, - деді. Біләл: «Менің істеген амалым күндіз немесе кешке дәрет алар болсам, міндетті түрде намаз оқимын», - деген екен».
Уқба бин Амир (р.а.): «Кімде-кім дәрет алып, дәретін жақсылап орындап, екі рәкағат оқыса, намазында жүрегімен және тәнімен бет бұрса оған Жәннат міндет болады», - деген хадис риуаят етеді.
Ең көп оқылатын нәпіл намаздардың легі осындай. Алайда мұнымен нәпіл намаздар тізімі бітпейді. Бұған қоса ай мен күн тұтылғанда, ұзақ уақыт жауын-шашын болмағанда немесе толассыз жаңбыр жауа бергенде оқитын нәпіл намаздар да бар.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (10)

Оқи отырыңыз: