Шымылдық әдебі жайында

Шымылдық әдебі жайында

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Иә, ерлі-зайыптылардың төсек қатынасына байланысты өзіне тән бірнеше әдеп  ережелері бар. Ол әдеп ережелерінің мақсаты жұбайлардың адами тұрғыдан лайықты түрде адал төсек ләззатын алуы үшін түзілген. Себебі, ерлі-зайыптылардың төсекте қанағаттанарлық дәрежеде ләззат алуы харам ләззаттан, яғни зинадан қорғайтыны мәлім. Шариғатымыздағы шымылдық әдебі жайлы хадистерді негізге ала отырып, төмендегі әдептерді атап өтуге болады:

1. Иіс су пайдалану. Ерлі-зайыптылар бір-біріне жақындағанда бойларынан жұпар иіс шығып тұруы бір-біріне деген ынтықтығын арттырады. Айша анамыз (р.а.): «Мен Алла Елшісіне (ﷺ) иіс су себуші едім...», – деген;

2.Алғы шарт. Әйелдің бойынан құмарлығын ояту үшін құшақтау, сүю сияқты төсектің алғы шарттарын жасау;

3.Дұға оқу. Қосылмас бұрын алдын ала: «(Бисмиллә, Аллаһумма жаннибнаш шайтона, уа жаннибиш шайтона ма разақтана) «Бисмиллә, Аллам, шайтанды бізден алыс ет және шайтанды бізге берген (перзенттен) алыс ет» дұғасын айту. Ибн Аббас (р.а.): «Сендердің бірің әйелімен қосылар болса: «Бисмиллә, Аллам, шайтанды бізден алыс ет және шайтанды бізге берген (перзенттен) алыс ет», - деп дұға етсін. Егер перзент сүюді жазса (сол түні ана құрсағына бала бітсе), ол балаға шайтан ешқашан зиян етпейді», – деген Пайғамбарымыздың (ﷺ) сөзін риуаят етеді.

4.Қосылу әдісі. Әйелге алдынан да, артынан да жақындауға болады. Алайда, тек егін беретін (бала туатын) жерінен ғана қосылу тиіс. Құранда «Әйелдерің егіндіктерің. Егіндіктеріңе қалай қаласаңдар келіңдер...», -  деген аят бар.

5.Ләззатты сезіну. Төсек ләззатын ерлі-зайыптылар бірдей сезіну үшін күйеуі әуелі әйелінің құмарлығын оятуы тиіс. Әнас бин Малик (р.а.) баяндаған хадисте: «Кісі жұбайымен қосылар болса, әуелі әйелін әзірлеп алсын. Әйелі ләззат алмайынша, өзі ләззаттанып қоюға асықпасын», – делінген. Ер кісі құмарлығын қандырып қойса, ал әйел ләззат алмаса зиян көреді.

6.Тыйым салынған әдіс. Әйелмен етеккір немесе босанғаннан кейнгі нифас кезеңінде, сонымен бірге, артынан қосылуға тыйым салынады. Әбу Һурайра (р.а.) «Кімде-кім әйеліне етеккір кезінде немесе артынан қосылса, Мұхаммедке түскен Кітапқа күпірлік еткені», – деген риуаят жеткізген.

7.Сыр сақтау. Күйеуі де, әйелі де екеуі жеке қалғандағы қарым-қатынастарын құпия сақтауға міндетті. Себебі, ерлі-зайыптылар арасында болған жайтты бөгде кісіге айту үлкен күнәға жатады. Әбу Сағид әл-Хударий (р.а.): «Қиямет күні дәрежесі ең жаман адамдардың бірі – ерлі-зайыптылардың жеке қалып, сосын араларындағы сырды сыртқа жайып салушы», – деген хадисті келтірген.

8.Ғұсыл құйыну. Ерлі-зайыптылар жүніп болғаннан кейін, сондай-ақ жыныстық мүшелері жанасса да ғұсыл құйынуы қажет. Бұл турасында «Ұшы ұшына енсе, ғұсыл уәжіп болады», - деген хадис бар.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: