Ақиреттің байлығы кедейлерге тиеді деген рас па?

Ақиреттің байлығы кедейлерге тиеді деген рас па?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хасан Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Қиямет күні Алланың алдына құл әкелдірілтеді де онымен Алла осы дүниеде бір адам екінші адаммен қалай сөйлссе, солай сөйлеседі. Алла Тағала былай айтады:

«Өзімнің Ұлылығым әрі Құдіреттілігіммен ант етемін, сенің жеңілтектігіңе қарамастан өміріңде мен саған еш шектеу қоймадым. Қазір Мен саған Өз жомарттығым мен мейірімімді дайындап қойдым, мына қатарға бар да өміріңде сені Менің разылығым үшін тамақтандырып, киіндіргендерді іздеп тап. Оларды қолдарынан ұста, бұл адамдар сен үшін».

Сол Күні адамдар өз теріне бататын болады. Ол кедей қатарларынан өтіп, жоғарыда айтылған игі амалдарды жасағандарды тауып, қолдарынан ұстап, солармен Жұмаққа кіреді».

Хасан Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Кедейлер туралы ілімдеріңді арттырыңдар, оларды қолдарынан ұстаңдар, өйткені Ақиреттің байлығы солар үшін». Сонда: «Уа, Алла Елшісі, кедейлердің байлығы не болып табылады?» - деп сұрайды. Алла Елшісі (ﷺ) былай жауап береді: «Қиямет күні болғанда кедейлерге былай айтылады: «Сендерге бір тілім нан, бір жұтым су беріп, киім кидіргенді тауып алып, қолынан ұстап, солармен бірге Жұмаққа кіріңдер».

Факих (р.а.) былай айтқан: «Пақыр үшін төрт қасиеттің бар екенін біл. Бірінші: ақиқатында, кедейдің намаз, садақа және басқа да жақсы амалдары үшін сауаптары байдың сауаптарынан асып түсетін болады. Екінші: ақиқатында, әр кез пақыр бірнәрсені қалап, бірақ онысына қол жеткізбесе, оған сауап жазылады. Үшінші: ақиқатында, олар бірінші болып Жұмаққа кіреді. Төртінші: ақиқатында, Ақиретте олардың есебі аз болады, сол себепті Ақиретте байлар кедей болуды қалайды.  Ал пақыр бай болуды қаламайды.  Осы қасиеттер туралы хадистер бар».

Зайд бин Аслам Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Садақа ретінде берілген бір дирхем, жүз мың дирхемнен артық». Адамдар: «Уа, Алла Елшісі, бұл қалай?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ) былай жауап берген: «Бір адам өз байлығынан садақа ретінде мың дирхем береді, ал басқа біреу болса садақа ретінде соңғы екі дирхемін береді. Егер ол осы екі дирхемін еш қиындықсыз-ақ садақа етсе, оның бұл садақасы мың дирхем садақадан жақсы».

Хасан кейбір сахабалардың: «Егер біз қалаулы нәрсемізді көріп, бірақ оны сатып ала алмасақ бізге сауап бола ма?» - деген сұрағына Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай жауап бергендігін келтірген: «Егер сендер бұдан сауап алмасаңдар, басқа қайдан сауап аласыңдар?».

Факих (р.а.) Құранда кедейлердің қадір-қасиеті туралы дәлел келтірілгендігін айтқан. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан:

«Намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер. Әрі Пайғамбарға бой ұсыныңдар. Әрине мәрхаметке бөленесіңдер» (24:56).

Осы аят арқылы Алла кедейлерге қатысты міндетті Өзіне қатысты жасалатын міндеттерге жақындатқан. Сондай-ақ, былай айтылған: «Пақыр байдың дәрігері, құдасы, елшісі, қорғаушысы әрі шапағатшысы болып табылады».

«Пақыр — байдың дәрігері» деген сөздің мағынасы келесіні білдіреді: егер бай адам ауырып қалып, кедейлерге садақа беретін болса, ол өз дертінен айығып кетеді.

«Пақыр — байдың құдасы» деген сөз келесіні білдіреді: егер бай адам кедейге садақа берсе, кедей бай адам үшін дұға жасайды. Сол дұғаның арқасында бай күнәсінан тазарады әрі кедейдің жасаған дұғасы байдың байлығын да тазартады.

«Пақыр — байдың елшісі» деген сөз келесіні білдіреді: әр кез бай адам ата-анасы мен туыстары үшін садақа берсе, садақаның сауабы марқұмдарға жететін болады. Ендеше, кедей бай мен оның марқұмдарының арасындағы елшісі болып табылады.

«Пақыр — байдың қорғаушысы» деген сөз келесіні білдіреді: егер бай адам кедейге садақа берсе, кедей ол үшін дұға жасайды әрі сол дұғаның арқасында байдың мүлігі сақталады.

"Танбихул ғафилин" кітабынан

аударған: Ақерке СЫДЫҚОВА

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: