Осман (р.а.) мен Әли (р.а.) халифтар қалай қаза болған?

Осман (р.а.) мен Әли (р.а.) халифтар қалай қаза болған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Осман хазіреттің (р.а.) қазасы

Омардан (р.а.) кейін мәртебелі Осман (р.а.) халиф болады.  Алла Елшісі (ﷺ) оған былай дұға жасаған:

- Әй, Осман! Алла сенің өткен және келешек күнәларыңды кешірсін!

Алла Тағала бұл дұғаны қабыл етіп, Осман хазіреттің (р.а.) күнәларын жарылқаған екен. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан:

- Жұмақта найзағай жарқылы көрінеді. Жұмақ мекендеушілері: «Бұл неткен найзағай?» - деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Бұл найзағай емес. Осман хазіреттің бір бөлмеден бір бөлмеге өткендегі сандалдарынан шыққан шуақ. Оның жер бетінде жүргенде сандалдарынан шығатын шуағы Жұмақты нұрландырады», - деп айтқан.

Бір түнде екі ракағат намаз оқу барысында Осман хазіреттің (р.а.) Құранды толықтай оқып шығатындығы жақсы белгілі. Періштелер одан қымсынатын. Және де ол Пайғамбарымыздың (ﷺ) үшінші досы болған. Ол сүрелерді жинақтап Құран кітап етіп шығарған әрі Құранның мағынасы мен тәпсірін мықты білгендердің бірі болған. Ол Алла Елшісінің (ﷺ) екі рет күйеу баласы болғандықтан Зиннурайн (екі шуақ) деген лақап ат тағылған.  Ол Пайғамбарымыздың (ﷺ) екі қызына үйленген. Алла және ислам жолында қолынан келген жақсылығын аямаған. Күндердің күнінде ол Алла Елшісіне (ﷺ) үш жүз түйе сыйлаған.

Омар хазіреттен (р.а.) кейін Осман (р.а.) он екі жыл халиф болған. Зұлқиджа айында үйінде намаз оқып жатқан кезінде ол кісі қолынан қаза табады. Мәртебелі Осман (р.а.) сексен алты немесе тоқсан жасында қайтыс болған.

Ол кісіге Алла разы болсын!

Әли хазіреттің (р.а.) қазасы

Сағд ибн Әбу Уаққас Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:

- Менің қасымдағы Әли - Мұсаның (ғ.с.) қасындағы Харун (ғ.с.) сияқты. Менен кейін пайғамбарлардың болмайтыны сияқты.

- Әли — менен әрі мен - Әлиденмін. Алла Тағала менімен пайғамбарлар тізбегін тоқтатқандай, Әлимен халифтар тізбегін тоқтатады.

Ислам ғалымдарының арасында Әлидің (р.а.) ислам арыстаны әрі асхабтардың арасында ұлы ғалым болғандығы турасында бір ғана пікір қалыптасқан.

Әли хазірет (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) мынадай сөздерін келтірген:

- Кімде-кім Адам Атаны (ғ.с.) көріп, ілімін білгісі келсе, Шит (ғ.с.) пен оның сабырлығын, Ідріс (ғ.с.) пен оның қасиетін, Нұх (ғ.с.) пен оның үндеуін, Ибраһим (ғ.с.) мен оның кең пейілділігін, Мұса (ғ.с.) мен оның қажымайтындығын, Дәуід (ғ.с.) пен оның асқан әсемдігін, Ғиса (ғ.с.) мен оның бой ұсынушылығын, Зәкәрия (ғ.с.) мен оның азаптанушылығын, Яхья мен оның бейкүнәлігін көріп-білгісі келсе, онда білсін, осы қасиеттердің бәрі Әлидің (р.а.) бойында.

Халифтар туралы Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан болатын:

- Халифтардың билігі отыз жыл жалғасады, ал содан кейін мейірімсіз билеушілер келеді.

Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а. )пен Омар Фарук (р.а.) жиынтығында он үш жыл билік жүргізген. Осман (р.а.) он екі жыл, ал Әли (р.а.) бес жыл бойы халиф болған. Нәтижесінде, отыз жыл тақуа халифтар билік еткен. Бұл кісілерге Алла разы болсын!

Күндердің күнінде Әли хазірет (р.а.) ауырып қалады да оның халін білуге Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.) мен Осман (р.а.) келеді. Үйде келген қонақтардың алдына қоятын бір тостаған балдан басқа ештеме болмай, сол балды қояды. Тостағаннан қызыл бал асып төгіледі. Сол балдың ішінде бір қара қылшық жүреді.

Сонда Әбу Бәкір (р.а.) әрқайсысы үш жақсы теңеу айтпайынша бұл балдан дәм татпайтындығын айтады. Өзі бірінші болып, былай дейді:

- Ислам діні мына тостағаннан да жарқырайды. Иман балдан да тәтті. Шариғатты орнату мына қылшықтан да жіңішке.

Одан кейін сөз алған Омар хазірет (р.а.) былай айтады:

- Жұмақ ақ тастан да жарық. Құранды оқу балды жегеннен де тәтті. Құранды түсіндіру — қылшықтан да жіңішке, нәзік іс.

Соңғысы болып Осман хазірет (р.а.) былай айтады:

- Қонақ асыл тастан да құнды. Қонақтың сөзі балдан да тәтті. Қонақтың ризалығы қылшықтан да жіңішке.

Осылайша, әркім тәжірибесіне сүйене отырып өз ойларын білдірген екен.

Мәртебелі Әли (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) ең жақын досы болған. Ол - Зұлфикар, семсер иесі. Ол ақиқатты сүйетін, бар жағынан алып қарағанда кемеліне жеткен данышпан адам болған. Ақиретте ол дін үшін азапталғандардың үлкені болады әрі мүміндерге Кәусәр бұлақтың суын ұсынатын болады. Ол асхабтардың ішіндегі жаһұты әрі тақуа Фатиманың (р.а.) сүйіктісі болған.

Әли хазірет (р.а.) алпыс үш жыл өмір сүрген. Күндердің күнінде Рамазан айында жұма күні Куфа қаласындағы мешітке барады. Сол жерде Ибн Мулджам есімді адам оған пышақ салып, өлтіреді. Әлидің (р.а.) жаназа намазын ұлы Хасан (р.а.) шығарады да мешіттің қасына жерлейді. Әли хазірет (р.а.) Рамазан айының он бесінші жұлдызында бақилық болған.

Ол кісіге Алла разы болсын!

Дайындаған: asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: