Бұл дүние және ақирет. Қайсысы маңызды?

Бұл дүние және ақирет. Қайсысы маңызды?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қамшының сабындай бұл қысқа өмірді ешқашан аяқталмайтындай көретін және осы дүниеде жасағандары үшін есеп беретін күннің бар екенін естерінен шығарып алатын жандар бар…

Сондай-ақ, тек ақирет өмір үшін амалдар жасап, бұл дүние тірлігінен бойларын алып қашатын әрі отбасылық және қызмет міндеттеріне лайықты түрде көңіл бөлмейтін жандар да бар...

Бұл екі жағдайдағы адамдардың халдері – шектен шығушылық.

Бұл дүние мен ақирет өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай орнатуға болады?

Туындайтын кез-келген сауалдың жауабын біз Алла Тағаланың кітабы – Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) сүннетінен табамыз.

Әнастың (р.а.) былай айтқандығы келтірілген: «Бірде Пайғамбарымыздың (ﷺ) әйелдерінің үйлеріне үш адам келіп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) Аллаға қалай құлшылық ететінін сұрайды. Олар өз сұрақтарына жауап алғанда, біреуі: «Бұрынғы және келер күнәлары кешірілген Пайғамбарға (ﷺ) бізге жету қайда! Мен әр түні ұйқы көрмей құлшылық ететін боламын» - деп айтса, екінші біреуі: «Мен үнемі ораза ұстайтын боламын», - десе, үшіншісі: «Ал мен әйелдерден бойымды аулақ ұстап, ешқашан үйленбеймін», - деп айтады. Біраздан кейін оларға Алла Елшісі (ﷺ) келіп: «Осылай-осылай деп айтқан сендермісіңдер? Алламен ант етейін, мен Алладан сендерден көп қорқамын, сендерден де көп Алладан үрейленемін, алайда кейбір күндері мен ораза ұстаймын, кей күндері ораза ұстамаймын, түнде құлшылық етемін әрі ұйықтаймын, сондай-ақ, әйелдермен некеге отырамын, ал кімде-кім менің сүннетімді ұстанғысы келмесе, оның маған еш қатысы жоқ!» - деп айтқан екен» (әл-Бұхари, 5063; Мүслим, 1401).

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (ﷺ) біз үшін ең көркем өнеге болып табылады.  Ол ораза ұстаған әрі аузын ашқан, түнгі құлшылықтар жасаған әрі ұйықтаған. Алла Тағала разылығына қол жеткізуде біз үнемі оның (ﷺ) жолын ұстануымыз қажет.

Біздің асыл дініміз Ислам шектен шығушылықты қаламайды және ол бейбітшілік пен жақсылық діні болып табылады.

Ең маңыздысы – күндердің күнінде деміміз таусылып, әрбір айтқан сөзіміз бен жасаған ісіміз үшін Алла алдында жауап беретін сәттің туатынын есімізден  шығармай жүруіміз, алайда бұл дегеніміз баянсыз өмірден мүлде бас тартуды білдірмейді, керісінше, осы дүниені Алла разылығын алуға жұмсауымызда. Біз жұмыс істеп, қаражат тауып, туған-туыстарымызбен араласып, отбасымызбен уақыт өткізіп тұруымыз қажет. Және де мұның бәрін жасауда Алла Тағаланың бізге нәсіп еткен шексіз нығметтерін естен шығармауымыз тиіс. Ниетіміз дұрыс болса, бұл дүниелік кіші-гірім амалдың өзі Аллаға құлшылық етуге айналады әрі Алланың мейірімінің арқасында ақирет өмірде өз жемісін беретін болады.

Қасиетті Құранда мынадай аяттар келтірілген:

  1. «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла, саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді» (28:77).
  2. «Сондықтан шамаларың келгенінше Алладан қорқыңдар. (Әмірлерін) тыңдаңдар, бой ұсыныңдар. Сондай-ақ тиісті орындарға мал жұмсаңдар; сендер үшін қайырлы болсын. Кім нәпсісінің сараңдығынан сақсынса, міне олар, құтылушылар» (64:16).
  3. «Әй адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың құлдарына көркем етіп шығарған нәрсесін (киімін) және берген жақсы несібелерін кім арам етті» де. «Бұл несібе дүние тіршілігінде иман келтіргендер үшін. (Алайда кәпірлер де ортақ) Қиямет күні мүміндерге ғана» де. Білген елге аяттарды өстіп түсіндіреміз» (7:31-32).
  4. «Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» (3:191).

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: