Жаратушыға қалай шүкіршілік ету керек?

Жаратушыға қалай шүкіршілік ету керек?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Егер шүкірлік етсеңдер, сендерге разы болады» (39:7). Өзге аятта былай келтірілген: «Егер шүкірлік етіп, иман келтірсеңдер, Алла сендерді неге азап қылсын?» (4:147).

Алайда қалай шүкіршілік ету керек? Ол тек сөзбен әрі ниетпен ғана білдіріле ме? Мүслим мен Бұхари жинағында келтірілген бір оқиға бізге шүкіршілік пен шүкірсіздіктің айырмашылығын көрсетуде жақсы мысал бола алады.

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген:

«Бір кездері Алла Тағала Ысраилдың алапес, таз және соқыр үш ұлын сынамақ болады да алапес жанға періште жібереді. «Бәрінен бұрын сен нені қалайсың?» -  деп сұрайды періште. Алапес: «Жақсы өң мен жақсы тері, менен адамдарды қаштыратыннан құтылсам екен», - деп жауап береді. Сонда періште қолымен жүргізіп өткенде, оған жақсы өң мен жақсы тері пайда болады. Содан кейін періште: «Ал саған бәрінен бұрын қандай мал ұнайды?» - деп сұрайды. Ол: «Түйе», - деп жауап береді. Оған буаз түйе нәсіп етіледі. Періште: «Алла Тағала саған мұны хайырлы етсін!» - деп айтады.

Содан кейін періште басы таз жанға келеді де: «Бәрінен бұрын сен нені қалайсың?» - дп сұрайды. Ол: «Жақсы шаш және менен адамдарды қаштыратыннан құтылсам екен», - деп жауап береді. Сонда періште қолымен жүргізіп өткенде оның басына жақсы шаш өсіп шығады. Періште әлгі адамнан: «Ал саған бәрінен бұрын  қандай мал ұнайды?» - деп сұрайды. Ол: «Сиыр», — деп айтқанда оған буаз сиыр нәсіп етіледі де періште: «Алла Тағала саған мұны хайырлы етсін!» - деп айтады.

Содан кейін періште соқыр адамға келеді де: «Бәрінен бұрын сен нені қалайсың?» - деп сұрайды. Ол: «Алла маған көз жанарымды қайтарса екен, сонда мен адамдарды көрер едім», - деп жауап береді. Сонда періште қолымен жүргізіп өткенде, Алла Тағала оған көз жанарын қайтарып береді. Періште: «Ал саған бәрінен бұрын қандай мал ұнайды?» - деп сұрайды. Ол: «Қой», - деп жауап бергенде оған буаз қой нәсіп етіледі. Уақыт өте келе алапестің буаз түйесі боталап, табын түйеге; таздың буаз сиыры бұзаулап, табын сиырға; ал соқыр жанның буаз қойы қоздап, отар қойға айналады.

Біршама уақыт өткен соң періште бұрынғы алапес адамға алапес түрінде келеді де: «Мен — қайыршы адаммын, жолда келе жатып көлігімнен айырылдым, бүгін Алладан, содан кейін сенен ғана сұрай аламын. Саған жақсы өң мен тері және байлық бергеннің атымен жалбарынамын, сапарымды аяқтау үшін маған бір түйе берші!». Оған жауап ретінде әлгі адам: «Менің онсыз да қарыздарым көп», - деп жауап береді. Сонда періште: «Сені білетін сияқтымын. Адамдар сенен қашатын алапес сен емес пе едің? Алла байлық нәсіп еткен кедей сен емес пе едің?» - деп айтады. Әлгі адам: «Ақиқатында, бұл байлық маған ата-бабамнан қалған», - дейді. Сонда періште: «Егер сен өтірік айтсаң, Алла саған бұрынғы кейпіңді берсін!» - деп айтады.

Содан кейін періште таз адамның кейпіне еніп бұрынғы тазға келеді де алапеске айтқанын қайталап айтады да: «Егер сен өтірік айтсаң, Алла саған бұрыңғы кейпіңді берсін!» - дейді.

Содан кейін періште соқыр адамның кейпіне еніп, бұрынғы соқырға келеді де былай айтады: «Мен — қайыршы адаммын, жолда келе жатып көлігімнен айырылдым, бүгін Алладан, содан кейін сенен ғана сұрай аламын. Саған көз жанарыңды қайтарып бергеннің атымен жалбарынамын, сапарымды аяқтау үшін маған бір қой берші!». Бұрынғы соқыр оған: «Мен расымен де соқыр болғанмын, ал Алла маған көз жанарымды қайтарып берді, не қаласаң соны ал, қалағаныңды қалдыр, Алламен ант етемін Ұлы Алла Тағала үшін бүгін саған ауыртпалық салмаймын!» - дейді. Сонда періште: «Мал-мүлкіңді өзіңе қалдыр, асылында, сендерді сынаған едік, Алла саған разы, ал сенің екі жолдасыңа Ол қаһарланды», - деп айтады (әл-Бұхари; Мүслим).

Осы хадиске қатысты түсініктемелердің бірінде былай айтылған: «Сол уақытта Раббыларың: “Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты” деп жариялады» (14:7).

Көріп отырғанымыздай, шүкіршілік ету – Алла Тағаланың берген нығметтерін мойындау ғана емес, сондай-ақ, осы нығметтерді басқалармен де бөлісе білу болып табылады. Данышпандардың айтқанындай: «Егер саған бір нәрсе нәсіп етілген болса, ол саған бір нәрсе берілді дегенді білдірмейді, бұл дегеніміз, сен бір нәрсе бере аласың дегенді білдіреді».

Егер адам баласы осы нығметтерге ие болу уақытша ғана екенін түсініп, қолында барымен саналы түрде басқа жандармен бөлісер болса, онда осы адамның Берушіге деген шүкіршілігіне дәлел бола алады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл оның «сақтаушы» ретінде сенімді екенін білдіреді, яғни, оның жүрегіне зиян келтірмей-ақ, оның үлесін арттыруға болады деген сөз. Сонымен, Жаратушыға қалай шүкір етуге болады? Қуанышыңмен және осы нығметтерден болатын пайдамен осыған мұқтаж жандармен бөлісу арқылы шүкір етуге болады.

 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: