«Намаз ата» мешітінде айлық дастархан жайылды

«Намаз ата» мешітінде айлық дастархан жайылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Ашура күні «Намаз ата» мешітінің имамы Мұхамбетов Серіжанның ұйымдастыруымен қала имамдары мен жамағатқа ауызашар берілді. Әдеттегідей бірлік пен сыйластықты арттыру мақсатында жайылған дастархан басында «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Нұралы Бақытұлы көпшілікке «Ғайбат айту – үлкен күнә» деген тақырыпта уағыз айтты.

Ғайбат дегеніміз «адамның сыртынан сөз айту» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат сөз айтып, бір-бірлерін мазақ қылуға қатаң тыйым салынған. Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегендей үлкен күнә болып саналады. Алла Тағала былай дейді:

«Ей, иман келтіргендер! Бір адамдар басқа бір адамдарды келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман! Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында ойлардың кейбірі күнә. Бір-бірлеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» (Хужурат, 11, 12).

Адамның сыртынан, ол жоқ кезде жаман сөз айту өте үлкен күнәлардың қатарына жатады. Оны айтқан адам ақыретке азапқа тартылады.

Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, олармен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деді». Ахмет пен  Әбу Дәуіт риуаят еткен.

Қияметте бір адам сауап дәптерінде жасамаған ғибадаттарын көреді. «Бұлар сені ғайбат еткен адамдардың сауаптары» делінеді. (Хараити)

Қияметте сауап дәптері ашылған адам, «дүниеде болған кезде мынадай ғибадаттарды жасаған едім, мұнда жазылмапты» дейді. «Олар өшіріліп ғайбаттаған адамыңның дәптеріне жазылды» делінеді. (Исфахани)

Нұралы ұстаз көпшілікті бір жамағат арасында ғайбат сөз айтылып жатса тоқтатуға немесе ол жерден тұрып кетуге, жалпы ғайбаттан алыс болуға шақырды.

Қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. 

«Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: