Бірлік жүрген жерде – береке жүреді

Бірлік жүрген жерде – береке жүреді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрметті отандастар, облыс жұртшылығы! Сіздерді бүгінгі 1- мамыр «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ қашан да бауырмал халық болған. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «жат жұрттардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл ең алдымен Елбасымыздың сындарлы саясаты мен бастамаларының   нәтижесі, бауырмал қазақ елінің дархан көңілі мен пейілінің кеңдігі.  

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген қанатты сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да  Отаны  бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Дініміздің өзі бірлікке, бауырмалдыққа, бейбітшілікке үндейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», - дейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің сан-салалы қызметін мемлекет басшысының ішкі-сыртқы салиқалы саясатына қолдау білдіре отырып, көп ұлтты, көп конфессиялы еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап келеді. Өйткені, дін адамдары қашанда бейбітшілік, әділдік, имандылық туын көтерушілер қатарынан табылуы тиіс. Алла Тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті. Олай болса, Жаратушы Иеміздің теңдессіз сыйын, бағасын біліп, қастерлеуге тиіспіз.

Ардақты Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге» (ӘбуДәуід), - деген.

Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысуымыз керек. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! Жаратушымыз әр отбасына бірлік, береке, амандық берсін!

Құрметпен, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,

Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы

ЖҰМАБАЕВ ДАНИЯР ӘЛИМҰХАМЕДҰЛЫ  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: