Дұғадан кейін бет сипау - сүннет

Дұғадан кейін бет сипау - сүннет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сәуір айының 26 күні Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде бейсенбілік ауызашарда жамағатқа дастархан жайылды. Мешіт бас имамы Жұмағұл Қанат ер мен әйелдің өзара қарым-қатынасы жайында уағыз айтты. Бас имам әйелдер туралы төмендегі бірнеше хадистерді айтып өтті:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», яғни әйелдеріңмен Алла Тағаланың әмір еткеніндей көркем мәміле жасаңдар, дейді.

Алланың ардақты елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Сендердің ең ардақтыларың – жарларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» - деп біздерге үлгі бола білген.

Әрбір ер адамның мойнында аманат бар, һәм бұл аманат ең ұлы аманат болып табылады. Ол аманат – әйелдеріміз. Құран кәрімде айтылғандай ер мен әйел бір-бірінің кемшілігін жасыратын киім іспетті.

Уағызды «Шейх Зуннун» мешітінің имамы Хадиметов Абдуахид «Намаздардан соң дұға ету, қолды көтеріп бет сипау» тақырыбында жалғастырды. Қазіргі кезде мұсылман бауырларымыздың арасында намаздан соң дұға жасап, бет сипауды бидғат деп есептеп, қарсы келіп жүрген бауырларымыз бар. «Бет сипау, дұға ету» ата-бабамыздан кележатқан және шариғатта бар нәрсе. Бізге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көрген сахабалардан, табиғиндерден жетіп отыр. Ғұламалардың кітаптарын  оқысақ та қарсы ешнәрсе жазылмаған. Яғни, бұл мәселе бидғат емес, керісінше сүннет амал.

Ибн Мәжәһтың Абдуллаһ ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисінде Пайғамбар (с.ғ.с.): "Егер Алладан дұға тілесең, алақаныңның сыртымен емес, ішімен дұға тіле. Дұғаны аяқтасаң, онымен (алақаныңмен) бетіңді сипа", – деген.

Имам әт-Тирмизи өзінің атақты "Сунән әт-Тирмзи" кітабында, имам Хаким ән-Найсабури "Мустадрак" атты хадис жинағы кітабында және имам әт-Табарани "әл-Муғжам әл-аусат" атты хадис жинағында Омар ибн әл-Хаттабтан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте: "Аллаһ елшісі егер дұға жасаған кезде екі қолын созатын болса, ол екеуімен бетін сипай кері қайтармайтын" деп келген.

Имам Асқалани "Булуғ әл-марам" атты еңбегінде имам әт-Тирмизи риуаят еткен жоғарыдағы хадисті келтіргеннен кейін: "Оның басқа да қуаттайтын дәлелдері бар. Солардың бірі Әбу Дауд Ибн Аббастан риуаят еткен хадис. Осылардың барлығы жинала келе бұл хадистің хасан екендігін білдіреді", – деген.

Демек, дұғадан кейін бетті сипау бидғат емес, сүннет амал екен. Алла тағалам дін амалын толыққанды орындауға баршамызға нәсіп етіп, бірлігімізге сызат түсіретін істерден тыйылуымызға жазғай!

 
«Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: