Бас мүфти «Нұр-Мүбәрак» университетінің түлектерімен кездесті (ФОТО)

Бас мүфти «Нұр-Мүбәрак» университетінің түлектерімен кездесті (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Санаулы уақытта ел ішіне еңбек майданына аттанатын Нұр-Мүбарак университетінің болашақ 168 түлегімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мырза арнайы кездесті. Еліміздің дін басшысының  жастарға деген сенімі мен қолдауына шексіз алғысын білдірген ректор, профессор Жуда Басюни дәл қазіргі уақытта мемлекеттік сынақтан өтіп жатқан  студенттерге жауапты да сауапты сәтте жанына табылып жатқан аға буынның үмітін үкілеп, университет қабырғасында алған білімді ел игілігіне пайдаланудың маңызына тоқталды.  Жақында ғана Бас мүфти тапсырмасымен ҚМДБ-ның бүкіл өкіл имамдары биылғы түлектермен кездескен болатын. Сол бойынша Бас мүфтидің бұйрығы да шығып, түлектер бір сәт те аялдамастан іске кірісулері керек. Сондықтан Бас мүфти болашақ дін мамандарына жүрекжарды пікірі мен ағалық ақыл-кеңесін айта келе былай деді:

«Ілім инемен құдық қазғандай екендігін осы отырған азаматтардың барлығы біліп қалды.  Алла Тағала Құран Кәрімде Алладан шынайы түрде қорқа білетін ілім үйренушілер екенін ескерткен. Иә, жай адам қанша тақуалық жасап, құлшылық өтеп жүрсе де ілім үйренген адамның Алладан қорқуы, құлшылық-ғибадаты артық тұрады. Себебі, Алланы іліммен таныған адамдар жетік ақыл-парасаты мен жан-жақты ойлау жүйесінің кемелдігімен ғылымға қол жеткізеді. Құрметті шәкірттер, сіздер сол ғылымның негізгі баспалдағынан өттіңіздер. Бірақ  өмірдің өзі таусылмайтын мектеп. Сіздің қолыңызда білдей диплом болса да сан түрлі жағдайдағы адамдармен сөйлесе білуіңіз керек, адамдардың рухани жан дүниесіне жол таба алатын кемеңгер ұстаз бола білулеріңіз қажет. Сонда сіздердің алған білімдеріңіз өзіңізге де, өзгеге де, қоғамға да пайдасы тиеді», - деді.

Бас мүфти дәл қазір еліміздегі 2600-ден астам мешіт пен тағы да салынып жатқан жүздеген Алла үйлеріне тек жоғары дипломды маман ғана емес, білімін ақыл-парасатпен үйлестіріп, іс-әрекеті мен мінезінің көркемдігі, бойындағы мәдениеті, шұрайлы тілімен елге қызмет ететін азаматтар керектігін айтты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сүре жаттаған жас баланы құрметтеп, имамдыққа шығарған жамағаттың қазір өресі де, талғамы да өскендіктен имамдар олардан оқ бойы озық тұру керектігіне тоқталды. Оған есімі тарихта жарқырап айтылатын Мағжан Жұмабаевтың өмір жолын мысалға келтіріп, Мағжанды қазақтың жүрегіне байлаған тағдыры сонау медреседе, дін жолында білім алумен басталғанын тағылым етті. Дәл қазіргі жағдайда елімізге Отанды тұтастай сүйе білетін, оның жетістігі мен бірге кемшілігін де қабылдай алудың маңызына тоқталды. Қоғаммен үйлесім табудың жолдарына тоқталып, биылғы 168 шәкірт арасындағы 33 қыз балаларға да үлкен сенімін білдірді. Дініміздің «Ана» деп мәртебесін асқақтатып, үмметтің салиқалы жалғасына себепкер әйел-ұстаздарға деген зәруліктің басымдығын айтты.

Бас мүфтидің ыстық ықылас пен қамқорлыққа толы сөздеріне проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза да алғысын жаудырды. Жақында қабылданатын Дін туралы заңға қатысты өзгертулер мен толықтырулардан кейін діни білім алудың да жүйесі бекітіліп, мемлекет тарапынан бақыланатынына тоқталды. Айта кететін жайт, Бас мүфти Мысырдағы білім алудағы муаддала жүйесі, яғни әл-Азһар университетінде оқу үшін төменгі сатылардан өту қажет болса, Нұр-Мүбарак түлектері бірден сол сатылардан өтіп, қажетті курстан бастауының өзі үлкен жетістік екенін айтып, осы мақсатта бар ынта-ықылас, күш-жігерін салған ректор, профессор Жуда Басюни мырзаға отандастар атынан орасан алғысын білдірді.

"Нұр-Мүбарак" университетінің Баспасөз қызметі  

 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: