Зекет пен садақа басқа төнген пәлекетті қайтаруға себепші

Зекет пен садақа басқа төнген пәлекетті қайтаруға себепші

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ережеп айының екінші күні Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде жамағатқа арнайы дастархан жайылып, зекеттің жаңғыртылуы сөз болды. Алғашқы сөзді мешіттің бас имамы Қанат Жұмағұл алып, зекет-садақа «институтын» жандандырудың қажеттілігіне тоқталды. Қала имамының айтуынша, зекет біздің мал-мүлкімізді ғана тазартып қоймай, өзіміздің де рухани тазалыққа жетуімізге себепші екен. Себебі, Алла тағала Құран кәрімде: «(Уа, Пайғамбар!) Олардың дүние-мүліктерінен өздерін тазартатын садақаны ал!», - деп бұйырған екен.

Жиынға қонақ болып келген «Һибатулла Тарази» медресесі директорының орынбасары Нұралы Бақытұлы «Зекет пен садақа басқа төнген пәлекетті қайтаруға себепші» деген тақырыпта әсерлі уағыз айтты. Тақырыпты аят-хадистердің аясында тарқатып түсіндірген ұстаз өмірде орын алған мына әсерлі оқиғаны жеткізді:

«Ауған соғысына Орта Азиядан барған қазақ, өзбек, қырғыз т.б. ұлттың бірнеше ұлдары бір жасақта әскери борыштарын өтеп жүреді. Аталары кезінде ашаршылық көргеннен болар, бұлар нанға ерекше құрмет көрсетеді. Ал Ауғанның жергілікті азаматтары нанды қоқысқа тастайды екен. Бұны көрген әлгі жастар артылған жуындыны жинап, ысырап болғанша, ең болмаса балықтар жесін деген ниетпен, өзенге апарып төгіп жүреді екен. Бір күні тағы да өзенге барған жастарды ордалы жыландар ысылдап жолдарын бөгеп, жасақтарына қайтуларын біраз уақыт кедергі болып ұстап қалады. Содан жыландар кеткен соң, жігіттер жасақтарына оралса, жау жасақтағы адамдарды түгел қырып кеткен екен».

«Бұл оқиғадан көретініміз – судағы балықтың өзіне қарайласып, садақасын жасаған адамды Алла әр-түрлі бәледен құтқарады екен. Ал мұқтаж адамға берілген зекет-садақаның пайдасын ойлай беріңіздер ... Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Садақа – басқа төнетін бәлені қайтарады», - дейді, деп Нұралы ұстаз сөзін қорытындылады.

«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: