Мүмінді кез-келген игіліктен айыратын төрт қасиет

Мүмінді кез-келген игіліктен айыратын төрт қасиет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хатим аз-Захидтің былай айтқаны бар: «Төрт нәрсені орындамай, төрт нәрсені көксейтін адам өтірікші болып табылады. Олар: харамнан тыйылмай, Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне сенетіндер; мал-мүлік, қаражатын Алла Тағаланың жолына жұмсамай, Жұмақ сүйіспеншілігіне сенетіндер; Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін ұстанбай, оның сүйіспеншілігіне сенетіндер; кедейлер, бақытсыздармен дос болмай, жоғары дәреже сүйіспеншілігіне сенетіндер».

Данышпандардың бірі былай айтқан екен: «Егер адамның бойында келесі төрт қасиет болса, онда ол кез-келген игіліктен құр алақан қалғаны. Олар: өзінен төмендердің алдындағы тәкаппарлық, ата-анаға қатысты күнәлар, отанынан айырылғандардың қорлануы, кедейлігі үшін кедейлерге деген ашу».

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай айтқан: «Маған байлық жиып, саудагер бол деген уахи түспеген, өлім сәті келгенше сәжде етіп, Аллаға құлшылық етушілердің арасында болып, Жаратушыма мадақ айту ұйғарылған».

Факих Әбу Жағфардан өз иснадымен Әбу Сагид әл-Жудридің былай айтқанын келтірген: «Уа, адамдар, қиыншылық пен кедейлік сендерді рұқсат етілмеген асты талап етуге мәжбүрлемесін, өйткені мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай айтқанын естіп едім: «Уа, Алла, маған байдың өлімін емес, кедейдің өлімін бер гөр. Қиямет күні мені кедейлердің арасында тірілте гөр, өйткені бойларына бұл дүние кедейлігі мен ақирет азабын сіңіріп алғандар ең бақытсыздар».

Ибн Ғаббас Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Ақиқатында, әр үмбеттің өз сынағы бар, менің үмбетімнің сынағы – байлық болады».

Абдулла бин Омар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Асылында, Алла Тағаланың ең сүйікті адамдары – кедейлер, өйткені Алланың ең сүйікті адамдары пайғамбарлар болған, олардың бәріне де кедей болу нәсіп етілген болатын».

Факих өз иснадымен Хасан Басридің былай айтқанын келтірген: «Алла Тағала Мұса бин Ғимранға мынадай уахи түсіреді: «Асылында, жуырда Менің сүйікті құлдарымның бірі өледі, ол Жер мекендеушілерінің ішіндегі ең сүйіктім. Оған бар да, жуындырып, кебіндеп, қабірінің басында тұр».

Мұса (а.с.) Жаратушының айтқан бұл адамды іздемеген жері қалмайды. Мұсаның (а.с.)  әлгі адамды іздеп-табуға күші қалмай келе жатқанда, үңгірде тұратын адамдарды көріп, олардан: «Осы жерде ауырып жатқан не қайтыс болған адамды көрмедіңдер ме?» - деп сұрайды. Үңгірдегілердің бірі: «Расында, бір жаман жерде ауырып жатқан біреуді көрген едім, мүмкін сенің іздеп жүргенің сол шығар», - деп жауап береді. Мұса (а.с.) ауырып жатқан адамға қарай беттейді. Әлгі адамның айтқан жеріне келгенде басына жастанғаны дымқыл кірпіш, өзі жалғыз қалған бір адамды көреді. Ауырып жатқан адам өзін емдеймін дегенде, басы кірпіштен ауып кетеді. Мұны көрген Мұса (а.с.) жылап жібереді де былай айтады: «Уа, менің Жаратушым, Сен бұл адамды құлдарыңның ішіндегі ең сүйіктісі деп едің ғой, бірақ бұл адамға қамқор болып жүрген ешкім жоқ». Сонда Алла Тағала: «Уа, Мұса, ақиқатында, әр кез Мен құлымды жақсы көргенде оның бұл дүниелік нәрселерін алып аламын», - дейді.

Ғыйбад бин Кассир Хасанның былай айтқанын келтірген: «Ібіліс алтыннан соғылған бірінші шақаны көздерінің арасына қойып, былай деген: «Сені кім жақсы көрсе, сол менің құлым болады».

Ғабдулмунгам Ідрістен, ал ол әкесі Уахб бин Мунаббахтың былай айтқанын келтірген: «Күндердің күнінде Сүлеймен бин Дәудке (а.с.) қарттың бейнесіне енген Ібіліс келеді. Сүлеймен (а.с.) әлгіге: «Ғисаның қауымы үшін не істейтініңді айт», - дейді. Ібіліс: «Сөзсіз, мен адамдарды Алладан басқа екі құдайға сенуге шақырамын». Сүлеймен (а.с.): «Ал Мұхаммедтің үмбеті үшін не істейсің?» - деп сұрайды. Сонда Ібіліс: «Сөзсіз, олар «Ля иляһа илля-Ллаһ» деп айтпайынша, мен оларды бұл дүние мүлігімен, дирхеммен қызықтыратын боламын», - деп ғайып болған екен.

Факих маған мұны өз иснадымен сенімді адам, ол Тауистен, ал ол Ибн Ғаббастың былай айтқанын әңгімелеп берген: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Жәбірейілмен бірге отырады. Жәбірейіл: «Саған көктен бір періште келеді. Осыған дейін ол жерге түскен емес. Ол сені көру үшін Алладан рұқсат сұраған», - дейді. Жәбірейіл орнынан тұрғанда, жаңағы айтқан періште келіп: «Уа, Алла Елшісі, саған Алланың сәлемі болсын», - деп сәлем береді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Саған да Алланың сәлемі болсын», - деп сәлемін алады. Әлгі періште: «Ақиқатында, Алла Тағала саған бұл дүние мен оның қазынасының кілтін ұсынады. Бұл кілтті Ол саған дейін де, сенен кейін де ешкімге бермейді. Және Ол саған Қиямет күніндегі жеңісті ұсынады, осы екі ұсыныстың қайсысын қабыл аласың?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күні мен үшін осы қазынаны Алланың жиғанын қалаймын», - деп жауап берген екен.

Сафуан бин Сәлім Ғабдулуаххаб бин Мажидтен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «МағанМеккенің тауларын алтын мен күміске айналдыру ұсынылған болатын. Уа, менің Жаратушым, мен бір күн тоқ болсам, екінші күні аш болғым келді және әр тоқ болған күндерімде Саған мақтау айтатын боламын. Ал әр аш болған күндерімде Саған сиынатын боламын».

«Танбихул ғафилин» кітабынан

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: