Дұға - кез-келген есікті ашар кілт

Дұға - кез-келген есікті ашар кілт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір күні имам Ахмад ибн Ханбалдың (р.а.) танымал шәкірті имам Бакы ибн Махләдке қайғы жұтқан бір әйел келіп: «Менің жалғыз ұлым византиялықтарға тұтқынға түсіп қалды. Қайғымның үлкендігі сондай, мен не тамақ іше алмаймын, не ұйықтай алмаймын. Мендегі бар нәрсе – ол кішкентай үйім ғана, бірақ оны менен сатып алатын ешкімді таба алмай жүрмін. Өтінемін, менің ұлымның құнын төлеуге көмектесетін біреуді тауып берші», - деп сұрайды.

Бакы оған былай жауап береді: «Үйіңе қайта бер. Саған көмектесуге тырысып көрейін». Осыны айтып, ол қолдарын көкке көтеріп, осы бозбала үшін Аллаға шын ниетімен дұға жасайды. Бірнеше күн өтпей-ақ, әлгі әйел ұлымен бірге оған келіп тұрады. Әлгі әйел Бакы үшін дұға жасап: «Алла саған мол сауап жазсын! Менің ұлыма оның әңгімесін айтуға рұқсат етші, ол расымен де таңғажайып», - деп айтады.

Бакы бозбалаға сұраулы жүзбен қарап: «Қане, қалай азат болғаныңды айтып берші», - дейді. Сонда жас жігіт: «Мен соғысқа кетіп, византиялық билеушілерінің біріне тұтқынға түстім. Мені де басқа да тұтқындармен бірге шөл далаға ауыр жұмысқа салды. Бізді шынжырлап, жұмыс істейтін жерімізге жауынгерлердің қадағалауымен апаратын. Күндердің күнінде күн батып бара жатқан уақытта, жұмыстан қайтып келе жатқан кезде менің аяқтарымдағы кісендер өздігінен ағытылып кетті! Күзетшілер мені балағаттай жөнелді – кісенді шешуге қалай ғана дәтің барды деп. Мен ештеңе істеген жоқпын, өзінен-өзі болды деп оларды сендірдім. Сонда олар ұстаны шақыртып, маған қайтадан кісен салдыртты, бірақ бұл бекер еді. Орнымнан тұрып, бір-екі қадам жасаған соң, жаңадан салған кісендері де аяғымнан түсіп қалды. Христиандар абдырап, шошып, өздерінің дін қызметшісін шақыртып – мынаған не істеу керек деп сұрайды. Дін қызметшісі менен: «Сенің анаң бар ма?» - деп сұрады. Мен басымды изедім. Сонда ол: «Сенің анаң сен үшін дұға жасаған көрінеді, ал Жаратушы оның дұғасын қабыл еткен», - деп күзетшілерге мені босатуды сұраған. Осылайша, олар мені босатып, тіпті мұсылмандар тұратын жерге қауіпсіз жетуім үшін қасыма адам да қосып берген», - деп басынан өткен оқиғаны баяндап береді.

Жігіттің әңгімесін мұқият тыңдап отырған Бакы: «Аяғыңдағы кісендерің қай күні түсіп қалғаны есіңде жоқ па?» - деп сұрайды. Жігіт кісендерінің ашылып кеткен күнін айтып береді. Сөйтсе, бұл Бакының Аллаға жалбарынып қолдарын көкке көтеріп дұға еткен сәтіне дәл келген екен (бұл оқиға «Әл-Мунатазам ли ибн Джаузи» кітабының 12 томында, 274 бетінде келтірілген).

Бұл оқиғадан қандай сабақ алуға болады? Әр пенденің көзге көрінбес өзіндік жеке «кісендері» бар – некедегі мәселе болсын, қаржылық мәселесі болсын, балалы болу мәселесі болсын. Негізінде, әрбір адам шынайы түрде қолдарын көтеріп Алладан дұға сұрай алады. Шынайы дұғаның күші – адамның көп жылдар бойы өзін қинап, кісендеп келе жатқан мәселелерінен құтылу үшін жетеді. Әсіресе, біздің ата-анамыздың немесе тақуа адамдардың дұғасы расымен де ұлы күшке ие.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: