Мүмін екі қауіптің арасында болады…

Мүмін екі қауіптің арасында болады…

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Факих өз иснадымен Зайд бин Сәбиттен, ал ол өз кезегінде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Кімде-кімнің ниеті о дүние болса, Алла Тағала оның байлығын жиып жүрегіне ұялатты әрі оларға бұл дүние қайғылы болып келеді. Ал кімде-кімнің ниеті бұл дүние болса, Алла оның ісін уатып, оның кедейлігін көздерінің арасына орнатты. Оған бұл дүниеден Алланың жазғанынан басқа ештеме де келмейді».

Осы иснадпен Асуад бин Кайс Жундабтың былай айтқанын естігенін келтірген: «Күндердің күнінде Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйіне келеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сабанның үстінде жатады, ақиқатында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында пальма жапырақтарынан өрілген төсеніш болады. Омардыңдың (р.а.) көздері жасқа толып кетеді. Омардың (р.а.) жылап тұрғанын көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Омар, неге жылап тұрсың?» - деп сұрайды. Хазірет Омар (р.а.): «Сен Византия мен Парсы императорларының сән-салтанатпен өмір сүретінін айтқан едің, ал сен – Алла Елшісі бола тұра, сенің пальма жапырағынан өрілген төсенішің ғана бар». Сонда  сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай жауап береді: «Олар осы дүниенің игілігін толықтай алған адамдар, ал біз игілігіміздің үлесін мәңгілік дүниеде алатын адамдармыз».

Осы иснадпен Зубайд хазірет Әлидің (р.а) былай айтқанын келтірген: «Мен сендер үшін екі нәрседен қорқамын: келешекке деген үлкен үміт пен нәпсінің соңынан еру, өйткені келешекке деген үлкен үміт ақиретті ұмыттырудың себебі болып табылса, ал нәпсінің айдауымен жүру – хақ жолдан тайдырады. Ақиқатында, бұл дүние артта қалады, ал ақирет – алдыдан күтеді. Бұл дүние мен ақиреттің балалары бар. Сендер бұл дүниенің балалары болмаңдар, ақиреттің балалары болыңдар, өйткені бүгін амал бар да есеп жоқ, ал ертең есеп бар да амал жоқ, сондықтан көп жақсы амалды бүгін жасаңдар, себебі ертең жақсы амалдар жасауға сендердің күштерің жетпей қалады».

Осы иснадпен Хасан Басридің былай айтқаны келтірілген: «Төрт жыл бойы әр жұмада айтқан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құтбасын тыңдағым келіп еді, бірақ сол құтбаны айтып беретін ешкімді таба алмадым. Дәл осы құтбаны Мединеде тұратын сахабалардың бірінің білетіндігін білдім. Бұл Жәбір бин Ғабдулла деген сахаба болатын, мен соған бардым да: «Сен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әр жұма сайын айтатын құтбасын естідің бе?» - деп сұрадым.

Сонда Жәбір: «Иә, мен бұл құтбаны естігенмін. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай айтқан: «Уа, адамдар, асылында, сендер үшін бір шамшырақ бар. Өз шамшырақтарыңның алдына тоқтаңдар. Ақиқатында, сендер үшін бір шек бар. Сол шектің алдында тоқтаңдар. Асылында, мүмін екі қауіптің арасында жүреді. Мүмін өзінің өлім сәтінде Алланың не істейтінін білмейді.

Мүмін өлім сәтінде Алланың қандай шешім шығаратынын білмейді. Пендесі өмір үшін де, өлім үшін де азық жинасын. Кәріліктің азығын жас кезінде жинасын, ал ақиреттің азығын осы дүниеде жинасын, өйткені бұл дүние сендер үшін жаралған, ал сендер - ақирет үшін жаралғансыңдар.

Менің жанымның Иесімен, яғни, Алламен ант етемін! Өлімнен кейін және бұл дүниеден кейін Алланың разылығын ала алмайсыңдар. (Бұл жерде Алланың разылығын алуға мүмкіндік болмайтын Қиямет күні айтылуда, сондықтан осы өмірде жүріп Алланың разылығына қол жеткізуге тырысу керек). Тек Жұмақ пен Тозақ бар. Осы сөздерді сендерге айта отырып, Алладан өзім үшін және сендер үшін кешірім сұраймын», - деп жауап берді.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: