Адал кәсіп

Адал кәсіп

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дініміз барлық мәселеде адалдықты дәріптейтіні сияқты кәсіпте де адал болуды бұйырады. Себебі, адал кәсіп шынайы мұсылманның барлық іс-әрекеттеріне ықпал етеді. Тіпті оның жасаған дұғасының қабыл болуы да оның жеген тамағының адалдығына байланысты екендігін алға тартқан пайғамбар өсиеттері мұсылмандардың кәсіптеріне қаншалықты адал болуы керектігіне жеткілікті себеп саналады.

Осы мәселеге қатысты ҚМДБ өзінің «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында бұл мәселеге баса тоқталған болатын. Онда былай делінеді:

Ислам - дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Құран - Кәрімдегі қасиетті аяттарда иман келтіру мен еңбек ету, ізгі іс істеу әрдайым қатар айтылған. Яғни иман мен еңбек ету, игі іс істеу - бір-бірінен ажырамас ұғым.

Шариғатта ғибадат істерімен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе рызық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетесіңдер!» (Жұма сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.

Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында ізгі іс істеуге шақырады. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру - ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы» (Бұхари) деген.

Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын, жауапкершілікпен орындауы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): Барлығың да жауаптысыңдар және барлықтарың қол астындағыларға жауап бересіңдер. Басшы - бақташы. Ер адам - отбасының бақташысы. Әйел -ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауап бересіңдер!» (Бұхари, Мүслим) деген.

Ислам дінінде адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген. Ал харам жолмен дүние жинау, яғни ұрлық-қарлықпен, қиянат зорлықпен, алдап-арбаумен, алаяқтықпен, өсімқорлық, жемқорлық, пара беру жолымен пайда табу – үлкен күнәға жатады. Мұндай жолдармен мал тапқан адам тәубә етіп, кісі ақысын өтемейінше Жаратқанның рахымынан құр қалмақ. Өйткені, Алла Тағала адамдардың ақысын жеуге қатаң тиым салған.

Хакім Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбек етуге. Адал табыс табуға шақырған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз:

«Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді.

Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам ата Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп өмір сүру - нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адал бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек. Еңбекқорлық мынадай жеті сипатта көрініс табады: Еңбек сүйгіштік, жауаптылық, бастамашылдық, ұқыптылық, майталмандық, талаптылық» делінеді.

Демек, адал кәсіп, адалынан ас табу Құдайдың бұйрығы, Пайғамбардың өсиеті. Тіпті осы істе өте ілгері кеткен сахабалар өмірінде мынадай ғибаратты оқиғалар кездеседі: Хазірет Әбу-Бәкір қызметкері алып келген сүтті ішті. Кейін адал жолмен келмегендігін біліп саусағын тамағына тығып құсып тастады. Құсқанда қиналғаны соншалық қасындағылар өліп кете ме деп қорықты. Сосын: «Уа Раббым! Қолымнан келгенін істедім. Асқазанымда және тамырларымда қалған зәррәлардан саған сиынамын!» деп жалбарынды. Бұл оқиғадан тек өзіңнің тапқанын жеу адалдық емес, өзгенің саған ұсынғанын да адал ма, арам ба екендігін іздестіру тақуалық пен имандылықтың кепілдігі екендігін көруге болады. Демек, әрбір денемізге кірген арам ас, біздің рухани әлемімізді қиратып, Алланың алдындағы деңгейімізді түсіре бермек, оның үстіне ислам тақуалығында көш бастаған тұлғалардың пайымдауынша тамағына арам ас араласқан пенде құлшылықтан да ләззат ала алмайтын халге жетеді.

Сондай-ақ, Абдулла бин Омар былай дейді: «Бүкір болғанша намаз оқып, қылдай болғанша ораза ұстасаңдар да харамнан қашпасаңдар, қабыл болмайды, пайдасы тимейді».

Пайғамбар хадисінде: «Адам баласының жегендерінен ең жақсысы, өз еңбегімен тапқан рыздығы» (Әбу Дәуіт, Ижара, 77) және «Кімде-кім адал тамақ жеп сүннет бойынша амал қылып, басқа адамдарға зиянын тигізбеген болса ол кісі жәннатқа кіреді» (Тирмизи, Сифатул-Қиямет, 60) деп бұйырады.

Ал Құран Кәрімде: «Олай болса, Алланың сендерге рызық ретінде бергендерінен адалын және тазасын жеңдер; егер оған құлшылық етсеңдер Алланың нығыметіне шүкірлік етіңдер» (Нахл сүресі, 114) делінеді. Осыған мағыналас ондаған аяттарды келтіруге болады.

Қорыта айтқанда адал рызық іздеу, адал кәсіп жасау әрбір мұсылман адам үшін міндет. Алаяқтық, кісі ақысын жеу дінімізде арам әрекет. Сондықтан намаз оқып, дінге бет бұрып жүрген азаматтар бұл мәселеде өте абай болуы тиіс. Өйткені біздің құлшылығымыз бен ұстанымдарымыздың арқасында өзіміздің ғана беделіміз емес, барша мұсылманшылықтың, тіпті асыл дініміздің беделі тұр. Сондықтан, жасаған құлшылығымыздың және Алла мен оның пайғамбарының бұйрығын, мақсатын орындау, бірден болмаса да соған тырысу әрбір мүминге міндет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да біздерге төмендегідей дұға жасауды үйретеді: «Уа Алла! Маған адал рызығыңды нәсіп етіп арамдардан сақта! Мені өзіңнен басқаға мұқтаж қыла көрме!» (Тирмизи, Дұғалар, 110)

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: