Білім-екі дүниенің нұры

Білім-екі дүниенің нұры

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде: «(Сен оларға) айт: Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?!» (Зүмәр сүресі 9-аят) делінеді. Сонымен бірге: «Жаратқан иеңнің атымен оқы!» (Алақ сүресі, 1-2аят), «Ешқашан сауатсыздардан болма!» (Әнғам, 35-аят) сияқты аттар әрбір мұсылманды білімді болуға үндейді. Ал әзірет Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Білім алу әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» (Ибн Мәжа,224 хадис) деп қанша хадистерінде мұсылмандарды білімді болуға шақырған.

         Демек, әрбір адам, тіпті ер болсын әйел болсын білімді болуы шарт. Себебі, қоғамның рухани және материалдық өркендеуі, дамуы тікелей сол қоғамды құраушы азаматтардың білімділік деңгейіне байланысты болмақ. Тіпті шынайы мұсылманшылық пен Құдайды тану да білімділікке байланысты. Қасиетті Құранда: «Расында пенделерімнің білімділері ғана Алладан қорқады» (Фатыр сүресі, 28-аят) десе, Ахмет Йегүнеки бабамыз;

         Білімменен танырсың жаратқанды,

         Білімсіздер аңламас таң атқанды.

         Білімі болмаған соң кейбір қауым,

         Пұттан жасап тәңірді талаптанды!- дейді.

         Сондықтан да мұсылмандардың арасынан өте көп әлемдік ғылым мен білімге үлес қосқан ғұламалар шықты. Әл-Ғазали, Әл-Бируни, Әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Ұлықбек сияқты даналар математиканы, астрономияның, медицинаның т.б. ғылымдардың негізін қалады. Бұл да исламның ғылым мен білімге деген мән-маңызын көрсетуге жеткілікті болмақ.

Діни сенім ақыл мен білімге жүгінген жағдайда ғана шынайы діншілдік, діни мәдениет қалыптасады. Осыған орай қазақ халқының данышпаны Абай Құнанбайұлы өзінің оныншы қара сөзінде дінге қатысты ойын былай білдірген: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды дейді». Бұл мәселеге қатысты ислам дінінің қасиетті кітабы Құранда былай дейді: «Олардың көпшілігі ғылымсыздықтан құмарлықпен және әуестікпен (халықты) тура жолдан тайдырып адастырады» (Әнғам, 119). Сондықтан бүгінгі күнде шектен тыс  шығып кеткен діндарлық, діни фанатизмнен туындап отырған зардаптар, келеңсіз оқиғалардың барлығы сол ғылымсыз, парасатсыз дінге келгендіктен, діни сауатсыздықтан болып отырғаны анық.

        Қадірлі мұсылмандар!  

Қазір Аллаға шүкіршілік дін саласында белгілі бір ұстаздар шоғыры қалыптасып келеді. Бірақ, дәстүрлі дін үйретуші ұстаздармен қатар әртүрлі ағымдар мен бағыттарға түсіп жатқан азаматтарымыз да жоқ емес. Олардың басым көпшілігі алғашқы діни сауаттылығын әртүрлі елдерде, болмаса мешіт-медреселерден тыс азаматтардан алғаны да жасырын емес. Әрине діни білім алуға елімізде қандай да бір шектеулер жоқ. Заңдық тұрғыдан да барлық мүмкіншіліктер берілген.

Төл тарихымызға көз жүгіртелік. Біз тәуелсіздік алғалы бері ғана мұсылман болған жоқпыз. Қазақ – мың жылдан бері мұсылман халық. Ислам діні бүгінгі Қазақстан территориясына VІІІ ғасырдың соңынан тарала бастағанын бәріңіз білесіздер. Түркі-ислам өркениеттерінің тоғысы нәтижесінде туған топырағымыздан Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари секілді мұсылман Ренессансына елеулі үлес қосқан даңқты тұлғалар шықты. Қазақ ұлты мен мемлекеттігі ислам діні аясында,  ислам шариғаты шеңберінде қалыптасты. Халқымыздың рухани-моральдық құндылықтарына мұсылмандық қағидалар тірек болды. Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп тәрізді рухани тұлғаларымыз ұлтымыздың діни көзқарастарын ислами ағартушылық тұрғысынан жүйелеп берді. Қазақтың барлық салт-дәстүрлері ислам шариғатымен біте қайнасып кетті. Бір сөзбен айтқанда, мұсылмандық біздің өмір салтымызға айналды.

Қазір біз үшін ислам діні біріншіден, мемлекет құраушы қазақ ұлтының діні ретінде, екіншіден, республикамыздағы көптеген өзге ұлт өкілдерінің ата діні ретінде ерекше орынға ие. Бүгінгі таңда Қазақстан ислам әлемінің ажырамас бөлшегіне айналып отыр. Қазақта дін мәселесінде ешқашан шектен шығушылық көзқарастар, іс-әрекеттер орын алмаған, Алланың парызын, Пайғамбардың сүннетін тәрк етіп, күпірлікке салыну фактілері де болмаған. Қазақы ислам ғасырлар бойы өзінің орнықты арнасымен дамыған. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес», адасушылықтар мен сауатсыздықтар жекелеген адамдар мысалында орын алған болуы мүмкін, бірақ мұндай келеңсіздік ешқашан топтық деңгейге көтеріліп көрген емес.

Халқымызда «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық!» деген сөз бар. Бұл бізге алғашқы болып дінді кім үйретсе, діни білімді кімнен алсақ соның ықпалының басым болатындығын білдіреді. Себебі, қалған мәліметтердің барлығын бізге дінде ұстаз болған адамның көзқарасына салыстырумен боламыз. Ал кейде сондай «ұстаздардың» артынан ерген азаматтарымыз әртүрлі бағытта адасушылыққа тап болуы да қазір аз болмай отыр. Әсіресе, буыны қатпаған, көзқарасы қалыптаспаған жастарымыздың шет елдердегі әртүрлі орталықтар мен оқу орындарынан діни білім алуы үшін алдымен негізгі білімін елімізде алса, әрбір халықтың, елдің өзіндік ұлттық және рухани құндылықтарының болатындығын түсінсе, біздің де тарихымыза сандаған ғұламалардың болғандығын, дәстүрлі исламның салт-санамызбен біте қайнаған формасының біз үшін маңызды екендігін сезінер болса болашақ адасушылықтар аз болары сөзсіз.

Сондықтан алғашқы діни сауаттылықты еліміздегі мешіт-медреселерден алу аса маңызды. Оның үстіне құқықтық тұрғыдан да сенімді саналады. Діни тұрғыдан да ертең өкініш тудырмайды. Рухани тұрғыдан да адасушылық болмайды.

Хз. Әли (р.а.): «Білімнің мал-мүліктен артықшылығы мал-мүлікті жұмсасаң азаяды, ал білімді жұмсасаң (бөліссең) көбейеді» дейді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Не ғалым бол, не білім алушы бол, не соларды жақсы көр, басқасы болма, өткені ол жаман сипат» деп бұйырады. Сондықтан құрметті жамағат! Білімді болайық, надан болмайық! Алла Тағала білімсіздерден келген араздықтардан сақтасын!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: