МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛДІҢ ОТБАСЫНДАҒЫ БЕЙНЕСІ

МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛДІҢ ОТБАСЫНДАҒЫ БЕЙНЕСІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылман әйел Алла Тағалаға құл ретінде ер азаматтармен бірдей хақ- құқық, жауапкершілік және міндеттерге ие. Мұсылман әйел өз бойын адамгершілік, ар- ұждан, адалдық, мейірімділік, шынайылық, намысқойлық, жанұясына сүйіспеншілік, жанашырлық, т.с.с. көркем мінездермен безендіруі тиіс. Және қоғамдық және отбасылық міндеттерін адал, дұрыс, шынайы әрі ықыласты түрде орындауы керек. Бұл тек үй тұрмыстық тіршілігінде ғана емес, сонымен қатар отбасының рухани, мәдени және тәрбиелік тұрғысынан дамып отыруына да үлес қосуға міндетті. Мұсылман әйелдің бойынан табылуға тиіс діни және тәрбиелік ерекшеліктері мыналар:

1) Аллаға құл болуы - Алланың бұйрығымен өмір сүреді; құлшылықтарын орындайды; жаратылысының талабы бойынша ер кісілермен тең құқыққа ие.

2) Ар-намысы - әйелдің жаны, ары және намысы Алланың аманаты. Аманатқа құрметсіздік танытудан сақтануы тиіс.

3) Жауапкершілігі - отбасында әрі үй шаруасына, әрі балаларының білім алуы, тәрбиесі мен мінез- құлқын қалыптастыруға міндетті. Балаларының құлшылықтарын бастауына көмекші болып, намаз оқуды, Құран оқуды үйретуі тиіс.

4) Үнемдеу мен тепе- теңдікті сақтауы - отбасылық қорды жұмсауда сараң да, тым таратып, босқа шашып, артық жұмсау да болмауы керек. Ас- ауқат дайындағанда тепе- теңдікті сақтап, балаларын ысырапшылдықтан тыйуы керек.

Мұсылман әйелдің бойынан табылуға тиіс қоғамдық және отбасылық ерекшеліктері мыналар:

1) Отбасындағы рөлі - күнделікті үй тірлігін ұйымдастыру, отбасы мүшелеріне көмектесу, тазалыққа аса мән беру және үй тәртібін сақтау.

2) Тәлім- тәрбиеге мән беруі - балаларының сабақтарына әрқашан көмектесіп, үй тапсырмасын бірге орындау, мектепке уақытылы барулары үшін тиісті шараларды атқару және адамгершілік қағидаларын үйрету.

3) Денсаулық сақтауы - отбасылық мейірбике деуімізге болады, өйткені отбасы мүшелері құлап, кесіп, күйіп, ауырып қалған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге әрі дәрі- дәрмектерін уақытылы қабылдауын қадағалауға міндетті.

4) Құқықтары - заңды және азаматтық хақ- құқықтарға ие. Мирасқор бола алады; мүлік иесі бола алады; саудамен айналыса алады;  өз құқықтарын қолдануға ерікті.

Хз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әйелдеріне қарым-қатынасына қарап, мұсылман отбасында мұсылман еркектің мұсылман әйеліне қарым- қатынасының нормаларын бекітуге міндеттіміз:

1) Мұсылман әйеліне құрметпен қарауы - Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Сендердің ең жақсыларың - әйелдеріңе жақсы қарағандарың!" деп бұйырған.Мұсылман әйелдерге жақсы қарым- қатынаста болу - адамгершілік қасиеттердің ең алғышарттарының бірегейі.

2) Жанашырлық пен сүйіспеншілігі - жұбайын мен жанұясын сүйіспеншілік, құрмет пен махаббатқа бөлеп, сыйластықты сөндірмей ұстау. Бұл мұсылман отбасының негізгі ерекшеліктерінен болмақ. Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Отбасының ғұмырлы да берекелі болуы - ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген махаббаты мен сыйластығына байланысты" деп бұйырған.

Қорыта келе түйгеніміз, нағыз мұсылман әйелі өзінің  міндеттерін дұрыс орындаса ғана екі дүниенің бақытына қол жеткізе алады.

Жайна БЕКНАЗАРОВА

Жамбыл аудандық "Бәйдібек" мешітінің ұстазы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: