Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Қазақ халқының рухани өмірінде дін мен дәстүр ұғымдары әрқашан өзара тығыз байланыста болған. Дін – адам мен Алланың арасындағы сенім көпірі болса, дәстүр – сол сенімнің өмір сүру дағдысына, ұлттық болмысқа айналған көрінісі. Екеуінің өзегі – адамгершілік, имандылық, әділдік пен ізгілік.Ислам діні қазақ даласына ерте ғасырларда еніп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасты. Соның нәтижесінде қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үндесіп, ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Мысалы, сәлем беру, қонақ күту, жетім-жесірге қамқор болу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты дәстүрлердің түп-төркіні исламнан бастау алады.
Ғұрып — қоғамда қалыптасқан жақсы әдет-ғұрыптар мен салттар, адамдар арасында кең таралған, ақылға және әділдікке сай өмір ережелері. Ислам діні ғұрыпқа ерекше мән береді. Егер бір ғұрып Құран мен сүннетке қайшы келмесе, ол шариғатта мойындалады. Құранда Алла Тағала: «(Уа Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, (ғұрып) сауапты һәм істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздеріне көңіліңе алма (наданмен надан болма)» (Ағраф сүресі, 199-аят)
Бұл жерде «ғұрыпқа сай» (بِالْعْرُفِ — бил-ғу‘руф) сөзі қоғамда қалыптасқан ізгі, әділ, мәдени қатынастарды меңзейді. Яғни, отбасындағы және қоғамдағы қарым-қатынастардың негізі де дұрыс ғұрыпқа сүйенеді.
Пайғамбарымыз )с.а.с) : «Кім Исламда жақсы бір дәстүр (сүннет) енгізсе, оған сол істің сауабы және ол іспен амал еткендердің сауабынан да кемімей жазылады…» (Муслим риуаяты)
Қазақ «Дін – иманның нұры, дәстүр – халықтың жаны» дейді. Бұл сөзде үлкен мән бар. Егер дәстүр дін негізіне сүйенсе, ол мәңгілік құндылыққа айналады; ал дін дәстүр арқылы халықтың жүрегіне жол табады. Сондықтан да ата-бабамыз дінді құр сенім емес, тіршіліктің тәртібі ретінде қабылдаған.
Бүгінгі таңда жаһандану заманында дін мен дәстүрдің байланысын сақтау – рухани қауіпсіздіктің кепілі. Өзінің ұлттық дәстүрінен, ата дінінен ажырамаған ел ғана тұтастығын, бірлігін сақтай алады.
Қорыта айтқанда, дін мен дәстүр – егіз ұғым. Дін – иманның негізі болса, дәстүр – сол иманның өмірдегі көрінісі. Екеуін ұштастыра білген халық ешқашан адаспайды.
Балхожаев Азамат Мұратбекұлы
Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің найб имамы


02 Ноябрь 2025
11 Джумада-авваль 1447

