ҚМДБ Жамбыл облыстық өкілдігі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мүбәрак айына орай «Берекет сыры» атты рухани мәуліт кешін өткізді.
Тараз қаласындағы орталық «Баласағұн» концерт залында өткен шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Құранды «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Әбжаппар Әмір жүректерге жеткізіп оқыды. Көпшілік назарына ұсынылған «Ғаламның рахым нұры» бейнеролигі көрерменнің көңілін толқытып, жүректерін тебірентті.
Іс-шараны өңірдің өнерлі азаматтары жүргізіп, халықпен бірге Алла Елшісіне салауат айтып, жиынның рухын асқақтатты. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жиналған жұртшылыққа жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, дін саласына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтты.
Алла Елшісіне арналған салауат жыры қазақ және араб тілдерінде әуеледі. Мәуліт жырын Қордай ауданының бас имамы Әлмұхаммед Егізбаев, дәстүрлі өнер шебері Мәдіхан Тәжиев және «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің студенттері мен қарилар курсының шәкірттері орындады. Сондай-ақ, Жамбыл облысының «Әжелер алқасы» шашу шашып, мерекелік кештің ажарын кіргізді.
Шараға арнайы келген ҚМДБ Пәтуа бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Медет Құрмашұлы насихат айтып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін үлгі етіп ұсынды.
Кеш барысында өнерпаздар Алла Елшісіне арналған әндер мен термелерді орындап, Абай атындағы педагогикалық колледжінің студенттері сахналық қойылымдарымен көрерменге ерекше әсер қалдырды. Жүрекке жеткен арнау өлеңдер мен әсерлі монологтар тыңдарманды толқытса, жас қари Жансерік Амангелдінің жүрекжарды жыры көпшілікті тәнті етті.
Рухани кеш соңында жиналған жұртшылық бірлесіп салауат айтып, берекелі басқосу мәнді де сәнді аяқталды. Қонақтарға Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны жайлы «Мақтаулы Мұхаммед» кітабы сыйға тартылып, мешіт атынан естелік пакеттер ұсынылды.
Көрермендер арасында арнайы ойындар ұйымдастырылып, тұрмыстық техникалар табыс етілді. Ал кештің басты сыйы – қасиетті Ұмра қажылығы болды. Кеш Тараздық тұрғындарға ерекше әсер қалдырып, рухани серпіліс сыйлады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



12 Ноябрь 2025
21 Джумада-авваль 1447

