Жамбыл ауданы, Танты ауылындағы "Танта баба" мешітінде игі дәстүр жалғасуда. Мешіт имамы Қанат Қуанышовтың ұйымдастыруымен әр жұма намазынан кейін жамағат пен әлеуметтік жағдайы төмен 100 адамға тегін палау таратылып келеді.
Бұл сауапты іске үлес қосқан азаматтарға жамағат алғысын білдіріп, Алла разылығы үшін жасалған қайырымдылықтың мол сауап әкелетіні еске салынды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисінде: "Көршісі аш болып, өзі тоқ болған – бізден емес" деген. Демек, мұсылман баласы жақындарына, көршілеріне қамқор болып, ауызбіршілікті нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Қазақтың "Кең болсаң, кем болмайсың" деген дана сөзі де осы игі амалмен үндеседі. Берген қол – алаған қолдан жоғары екенін ұғындырған бұл шара жақсылық жасаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгінгі таңда адамдардың бір-бірінен алыстап, ағайын мен көрші арасындағы қарым-қатынастың әлсіреп бара жатқанын ескерсек, осындай қайырымдылық істердің берекесі мол. Алла Тағала бұл игі бастаманы берекелі етіп, ренжіскендердің арасын жарастырып, жамағатқа мейірім сыйласын!