Жамбыл ауданы, Бірлесу Еңбек ауылындағы "Бірлесу Еңбек" мешітінде аудан имамы Дәурен Құттыбаев "Ислам мен дәстүр" тақырыбында уағыз-насихат өткізді. Жиында дәстүрдің дініміздегі орны, ата-бабаларымыздың дінді өмір салтына айналдырудағы рөлі кеңінен талқыланды.
Уағыз барысында имам Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисін мысалға келтірді: "Кішкентай баланың қылығы немесе өзгенің мал-мүлкі ұнап бара жатса, дереу Алладан береке тіле, көзің тиіп кетуі мүмкін." Осыған сәйкес, халқымыз балаға көз тимеу үшін "Баракалла" деп береке тілесе, қазақ дәстүрінде бұл "О, бәрекелді!" деген ізгі тілекке айналған. Алайда, бүгінгі күні ата-баба мұрасынан алыстап, сәбидің сүйкімді қылығына "Тфай, жаман" деп айту әдетке айналып барады. Мұндай сөздердің бала тәрбиесіне әсері зор екенін ескерткен имам, ұрпақты ата дәстүрден ажыратпай, шариғатқа сай тәрбие беру керектігін атап өтті.
Шара барысында дін мен дәстүр сабақтастығы, ата-бабаларымыздың шариғатты берік ұстанып, оны күнделікті өмірде амалға асыруы жайлы маңызды ойлар қозғалды. Имамның айтуынша, бұл – шариғаттан алынғандықтан, оны орындау сауап әрі ұрпақты ізгілікке тәрбиелеудің бір жолы.
Уағыз-насихат жиынына 35 адам қатысып, дәстүр мен діннің өзара үйлесімділігі туралы маңызды мәліметтерге қанықты.