Жамбыл облысы Байзақ аудандық кітапханада бас имам Қанат Әділханұлы ауданға қарасты дін қызметкерлерге «Дін мен дәстүр құндылқтары» тақырыбында семинар өткізді.
Семинар барысында Қанат Әділханұлы: «Қазақ халқының тарихы мұсылмандық ұстанымнан ажырамай келе жатқандығы күмән тудырмайтын ақиқат. Сондықтан халқымыздың болмысына сіңіп, өмірінен ойып орын алған рухани дүние танымы мен салт-дәстүрін исламнан бөліп қараудың өзі үлкен қателік. Себебі, наным-сенім мен салт-дәстүр – кез келген халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі әрі елдігін айғақтайтын іс-жүзіндегі мәдениеті мен өркениетінің көрінісі. Осы егіз ұғым бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын рухани құндылық болып табылады.
Тарихи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ислам діні қазақ даласына VIII- ғасырдан тарала бастап, Мәураннахр мен Түркістан аумағында салтанат құруы Қарахан мемлекеті дәуірінде жүзеге асты. Қарахандықтар кезінде ислам діні түркі әлемін біріктіретін негізгі фактор ретінде қарастырылды. XIII ғасырдың екінші жартысында Жошы ұлысынан бөлініп шыққан Алтын Орданың ресми діні ислам болды. Алтын Орда кезеңінде Қазақстанның барлық аймақтарында ислам діні толықтай үстемдік құрып, Қазақ хандығы мұсылман мемлекеті ретінде танылды. Алтын Орданың мұрагері саналған Қазақ хандығы да бабалар салған сара жолдан қиыс кетпей, ханафи мәзһабына арқа сүйеген дін жолын өздеріне жолбасшы етті. Қазақ халқының ұлт ретінде ұйысуында ислам дінінің ықпалы күшті болды.
Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам дінін берік ұстанып келген. Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе – тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын – дін. Негізінде бір ұлттың қанына сіңіп, табиғатына айналған дінін білгіміз келсе, сол ұлттың мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдебиеті мен жыр-дастандарына, мінез-құлқы мен құндылықтарына, мақал-мәтелдеріне, жер-су аттарына, сәулет өнеріне, тыныс-тіршілігіне, тіпті адам аттарына мән беріп, қарасақ жеткілікті. Міне қазақ халқының осы ерекшеліктерінің тоқсан пайызында Ислам бояуы бар. Қысқасы, қазақтың жалпы құндылықтарының қайнары - Ислам діні»,-деді.
Семинар сонында дін қызметкерлері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып мардымды жауаптарын алды