НАИБ ИМАМ КЕҢЕС ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ

НАИБ ИМАМ КЕҢЕС ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Кеңес ауылдық «Кеңес» мешітінде «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы Кеңес ауылының халқымен кездесіп «Білім алудың артықшылығы» тақырыбында насихат айтты.

Бақытбек Бауыржанұлы насихатында: «Білімнің артықшылығын тереңірек аша түсу үшін ғалымдар: «Білім – надандықтың қарама-қарсы жағы. Білім – бір нәрсені өзінің ақиқат сипатымен тану» деген. Білімнің адам өмірін өзгертудегі және саналы ғұмыр кешу принциптерін жолға қоюдағы маңызы ескеріліп, хадисте: «Білім талап ету – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз», - делінеді.

Білімнің артықшылғы жайында сөз ету қанша ғасыр өтсе де насихат ретінде өз дәрежесін жоймаған құндылық. Ғалымдар тарапынан білімге ынталандыру үрдісінің бір сәтке де толастамауының да сыры сол – білім адамның бақытты ғұмыр кешуінің кепілі болғандығынан. Мәселен, білімнің себебімен қазіргі таңда көптеген аурудың емі табылды. Көптеген дәрі-дәрмектер пайда болды. Кеше ғана талай адамның өмірін жалмап, емі жоқтай көрінген ауру түрлері, бүгінде оп-оңай емделетін жағдайға жетті. Сол секілді көптеген ғылым салалары ортаға шықты. Ғимараттар бой көтерді. Технология қарыштап даму үстінде. Ұшақтар, от арбалар, кемелер, әр түрлі тұрмыстық құралдар адамға көптеген қолайлы жағдайлар туғызды. Айшылық алыс жерлерге айлап, жылдап сапар шегетін адамзат, бүгінде таңғы асты өз елінде ішсе, түскі асты шетелде ішетін мүмкіндікке ие.

Ертеде ұстаздан білім алу үшін де адамдар айлап, жылдап, отбасынан жырақта, алыс сапарларға шығатын. Мәселен, деректерде Имам Бұхаридың, Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен бір хадисті есту үшін алты ай сапар шеккендігі айтылады. Ал бүгінгі таңда интернет желісі немесе онлайн формат арқылы адамның қалаған білімін үйренуге мүмкіндігі бар. Осы айтылғанның бәрі білімнің себебі. Осыдан барып, білімнің адам өміріне қаншалықты өзгеріс әкелетіндігін аңғару қиын емес. Әрине, ұстаздан тікелей немесе қашықтан білім алудың әсері және сапа тұрғысынан өзіндік айырмашылығы да жоқ емес. Алайда бұл бөлек тақырып болғандықтан, негізгі тақырыптан ауытқымаған жөн», - деді.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: