ҚҰСБЕЛГІЛІК ЖАЙЫНДА

ҚҰСБЕЛГІЛІК ЖАЙЫНДА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көшпелі өмір салтын бастан кешірген қазақ халқы табиғатпен мейлінше етене аралас тұрмыс кешкен. Көшпелілер табиғатты өз өмірлерінің бөлінбес сыңарына балап, табиғат тылсымын неғұрлым тереңірек таныса, өмірдің солғұрлым мәнді де қызықты болатынын жақсы түсінген. Табиғат аясындағы таным-тәжірибесі тек қана күнкөріс тіршілігіне негіз болып қоймай, сонымен бірге уақытты мәнді, көңілді өткізудің жолы ретінде де кеңінен пайдаланылған. Солардың бір көрінісі аңшылық-саятшылыққа байланысты. Аңшылық-саятшылық әскери жаттығудың, шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі болған.

Құсбегілік әсем табиғат аясындағы көңілді, әсерлі қызығы мол демалыс болып табылады. Ел ішіндегі ит жүгіртіп, құс салған, қақпан-тұзақ құрып, тор жайған жалғыз-жарым аңшылықты айтпағанда, көшпелілер арасында бүкіл ру-тайпа болып қотарыла көтерілетін, сөйтіп байтақ өңірді қаумаласа сүзетін аңшылық дәстүрлері болған. Мұндай жойқын аңшылықтың із-сорабы, белгі-айғағы ретінде Қазақстандағы Үстірт үстіндегі «құпия сызық» деп жүрген әйгілі қалта ауыз ұра қазбалары, кезінде Шоқан Уәлиханов таңдана жазған, күні бүгінге дейін ізі сайрап жатқан Іле өзені мен Тарбағатай арасындағы ұраны айтуға болады.

Сонау ерте заманнан-ақ қазақ халқы табиғатпен етене қойындас болғандықтан аң-құстың қасиетін айыруға жүйрік болған. Ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесін, әсіресе, кейінгі ұрпаққа үйретуге айырықша мән берген.

Қазақ аңшылары өздерінің таным-тәжірибесінің арқасында аңшылық-саятшылық үшін жүйрік ат, қыран құс, құмай тазы сияқты жан-жануардың тілін таба баптап, қалауына көндіре алған. Осылардың ішінде қыран құстарды баптаудың ғасырлар бойы жинақталған мол тәжірибесі шын мәнісінде әрі өнер, әрі терең біліктілік.

Тарихи деректерге қарағанда, құсбегілік өнері бұдан үш мың жыл бұрын пайда болған. Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 ақ-сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге, арнайы 10 мың құсбегі ұстағанын жазады. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да өз сарайларында арнайы құсбегілер ұстаған. Олар сарай қызметкерлерінің құрметтісі саналған. Сондықтан да хан сарайындағы құсбегілік қызметке тек ақсүйектер, бектер, әмірлер тағайындалған. Кейбір тарихи деректерде Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітші ұстағаны туралы жазылады.

Құсбегілік өнері қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелерде де ерекше орын алады. Мәселен, қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шораға байланысты аңызда “Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады”, — деп қыран құстар мұң шағады екен. Қазақ және басқа түркі тектес халықтар көбінесе бүркіт асыраған, ал Еуропа мен Ресей билеушілері сұңқарларды қолға үйреткен.

Ахмедов Қобыланды  Маханұлы

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Сеңкібай ауылы «JUMADIL ATA» мешітінің имамы,

ауданға танымал көгершін асыраушы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: