Діндегі қыздың орны

Діндегі қыздың орны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

       Алла Тағала бұл дүниедегі өзінің құлдарының ақырет күніне дейін өз жалғасын табулары үшін пенделеріне ұрпақ сүю нығметін нәсіп етті. Әркімнің тағдырына Өзінің қалауын жүргізеді. Перзент сұраған пенделерінің кейбіреуіне ұл, кейбіреуіне қыз, біреуіне ерте, біреуіне кешіктіріп, ал кейбіреуіне тіпті ешқайсысын да нәсіп етпей өз сынағын жібереді. Бұл жайында Құранның Шура сүресінің 49-50 аятарында былай баяндайды:

لِلَّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ يَهَبُ لِمَنْ يَشَاءُ إِنَاثًا وَيَهَبُ لِمَن يَشَاءُ الذُّكُورَ

أَوْ يُزَوِّجُهُمْ ذُكْرَانًا وَإِنَاثًا وَيَجْعَلُ مَن يَشَاءُ عَقِيمًا إِنَّهُ عَلِيمٌ قَدِيرٌ

Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. (49) Немесе ұлдармен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол, толық білуші, аса күшті. (50)

   

       Сәид Тантауи: «Аллаһ Тағала адамның қалағанын емес, Өзінің қалаған ғана нәрсесін орындайтынын баяндау үшін «Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді» деген аятта әуелі қыз баланы атады. Өйткені жақсы білесіздер, кезінде қыз баланы қаламаған қауымдар да болғанына  тарихымыз куә. Пенделер қаламаған қыз баланы Жаратушымыз бұл аятта әуелі және маңызды етіп көрсеткен» деп түсіндіреді.

     Қыз балаға дініміз ерекше құрметпен қарайды. Ислам діні келерден алдын арабтар ар-намыс санап қыздарын тірідей көмгендері және басқа да кейбір халықтарда әйел баласына құрметсіздік танытқан небір жағдайлар орын алғандығына тарихымыз куә.

     Хамза (р.ғ.)  шайқаста  қайтыс  болған кезде,оның артында бір қыз бала жетім болып қалады. Ол қызды асырап алу үшін бірнеше сахабалар  талас жүргізеді. Талас-тартыс өз мәселесін таба алмағаннан соң сахабалар бұл мәселені шешу үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)   алдына келеді. Дауласқан сахабалардың арасында Әли (р.ғ.) да бар еді.Әлидің  (р.ғ.) әйелі ол қызға нағашы әпкесі болып саналатын еді. Сол кезде  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Нағашы әпке-туған анасы тәрізді», деп қызды  Әлиге (р.ғ.)  алып береді. Міне, кеше ғана қыздарын тірідей көметін адамдар (арабтар) Ислам дінінің әсерінен бір сәтте ақ қызға деген құрмет үшін әлгі қызға осылай таласып қалған екен.      

        Сондықтан да қазіргі кезде де қыз туған әйелді кіналау немесе қыз туылғаны үшін әкенің мұңаюы деген сияқты кейбір адамдардың бұл әрекеттеріне зер салып қарасақ, бұл да сонау ертедегі  жәһилет (надандық) дәуіріндегі адамдардың жағдайларына ұқсап бара жатқан жоқ па? - деген ойлар туындайтыны сөзсіз.

       Перзентті нәсіп ету тек Алланың қалауымен ғана болатын істер және сынақтар екенін ұмытпағанымыз абзал. Бұл тіпті Пайғамбарларға да сынақ болып келген. Солардың ішінде мысалыға айтар болсақ, Лұт (с.ғ.с.) және Шұғайыпқа (с.ғ.с.) тек қыз перзенттер, Ибраһимге  (с.ғ.с.) тек ұл балалар, Мұхаммедке (с.ғ.с.) қыз да, ұл да берген болса, Яхия (с.ғ.с.) мен Исаға (с.ғ.с.) еш перзент бермей сынаған. Мұның бәрі Жаратушымыздың тарапынан әр түрлі сынақтар екен.

      Сол үшін де егер кімге ұл бала нәсіп етілсе, ол тек қуанумен ғана шектеліп қалмауы керек. Қайта оған жақсы тәлім-тәрбие беру керектігін қазіргі күнінен бастап ойлауы керек. Ал егер кімге қыз бала нәсіп етілсе, шүкіршіліктер қылып, ол да Жаратушының тарапынан келген сынақтардың бірі екендігі деп білуі тиіс. Бұл орайда кейбір адамдарда  ұл да, қыз да болмай жатқандығын көкейінен еш шығармағаны абзал. Бұл жағдаяттардың бәрін бақытсыздық деп санау үлкен қате. Егер бақытсыз болса, онда Яхия (с.ғ.с.) мен Иса (с.ғ.с.)пайғамбарлар да  бақытсыздардың қатарында болған болар еді.

Мейлі ұл, мейлі қыз болсын ең негізгісі сау-саламат өмірге келіп, дініне, отанына және ата-анасына пайдасы тиетін инабатты перзенттеріміз көбейе берсін.

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: