Қазақ халқының сөйлеу дәстүр әдебінде жақсы сөз сөйлуді әу бастан негізгі ұстаным ретінде алып жүргендігі белгілі. «Жақсы сөз – жарым ырыс, жылы сөз - жанға дауа, жылы–жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген сөздер қазақ сөз қоржынында ғасырлар бойы қолданыста келе жатқандығын білеміз.
Ислам дініне келер болсақ, шариғатымызда адамдарға жақсы сөз сөйлеп және жылы қабақ танытуды Құдай бұйырған бұйрық деп түсінеміз. Құран аятында Алла Тағала құлдарына былай деп баяндап:
«Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер» ( «әл Ахзаб» сүресі, 70–аят ) - деп келесе, екінші бір аятында: «Құлдарыма айт! Ең сыпайы түрде сөйлесін. Өйткені, шайтан араларына бұзақылық салар. Расында шайтан адамдар үшін ашық дұшпан» ( «әл-Исра» сүресі, 53-аят) – деп біздерге әмірін жеткізеді.
Тілде буын жоқ, адам әрбір сөйлеген сөздеріне мән беріп, мұқияттылық танытпаса, дөрекі шыққан сөз өзгенің көңілін жығуы әбден мүмкін. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Кімде–кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін».
Сөйлеу, өзгелермен сөйлесу Құдай берген үлкен бір нығымет. Адамның жақсы сөздерді сөйлеп әрі жылы сөздерін қоршаған адамдарға арнай білуі бұл Алланың алдында пенденің дәрежесін жоғарлататын бірден-бір жақсы амалдардан болып табылады.
Аузымыздан шыққан әрбір сөзіміз үшін Жаратқанның алдында жауап беретініміз белгілі. Сахаба Муаз бин Жәбәл: «Уа, Алланың елшісі! Сөйлеген сөзіміздің барлығына жауап береміз бе? – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың мұрындарымен жер сүзіп, тозақта азапталуының басты себебі, осы тілдің кесірі», - деп жауап берген. Сондықтан абайлап сөйлеу ақылдылық пен имандылықтың белгісі екенін ұмытпайық.
Р.А. Еспенбетов