Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көкөзек ауылдық «Жантай ата» мешітінің имамы Бекжан Майданбекұлының ұйытқы болуымен және Байзақ ауданының депутаты Асылбек Жасұзақұлының демеушілігімен мешіт жанындағы спорт кешенінде ауыл тұрғындарына дастархан жайылып, аудан наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы «Ізгі қоғамды құрудың пайдасы» тақырыбында насихат айтты.
Насихат барысында Бақытбек Бауыржанұлы: «Біздің ойымызша, ізгі қоғам құру сыйластықтан, бауырмалдықтан, кішіпейілділіктен, кешірімнен, жалпы айтқанда ізеттіліктен басталады. Үлкен ата-әжелеріміз бізге өсиет айтқанда «бір-біріңді тіріңде құрметтеңдер» деп отырушы еді. Өсе келе бұл сөздің мәнін ұға бастадық. Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің бірінде «Тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жылама», деген ойды алға тартады. Қазір өкінішке қарай, адамдардың тірісінде қадіріне жете алмай жатырмыз...
Заманында би болған Саққұлақ дейтін данышпаннан сыйластық туралы сұраған екен. Сонда Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деп жауап берген екен», - деді.
Ас үстінде «Диқан» мешітінің имамы Досмырза Алашбаев, «Базарбай» мешітінің имамы Ербол Қасқырұлы және «Қосы батыр» мешітінің имамы Нұртілеу Тұрлыбаев «Дін мен дәстүр егіз ұғым» тақырыбында насихат айтып дәстүрге сай асқа бата берді.