Уақып бұл – Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті қайырымдылық жолына арнау немесе бағыштау. Уақып – істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын хайырлы іс. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» (Бақара-267) деп, ескерткен. Және бір аятта: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады», (Әли Имран-92) деген.
Еліміздегі "Уақып" қорын насихаттау мақсатында "Давруш Ата" мешітінде Жамбыл облысының "Уақып" қорының өкілі Есет Таласбаев жамағатпен дидарласты. "Уақып" қорының маңыздылығы тақырыбында уағыз айтты.
"Уақып арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған «уақып амалының» сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде нұрланатын болады. Қайтыс болған мұсылманның артынан салихалы ұрпағының дұғасы, пайдалы білімінің және қылған уақып амалының сауабы барып тұрады" - деп атап өтті маман.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі