Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жетібай ауылдық «Ақыл ата» мешітінде аудан бас имамы Қанат Әділханұлы ауыл халқымен кездесіп, жұма уағызын айтып, жұма намазын жүргізді.
Жұма уағызында Қанат Әділханұлы: «Мұсылман адамның бойында көрініс табуы қажет болған маңызды сипаттардың бірі – әділдік. «Әл-адлу» (العدل) сөзі – барлық жаратылысқа өзінің тиесілі ақысын беру, реңі мен түріне, байлығы мен мансабына және туыстығына қарамай теңдікті ұстану дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахыл» сүресінің 90-аятында: «Ақиқатында, Алла әділдікті, ихсанды (игі істер істеуді) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зиян келтіруден тыяды», – деп айтқан.
Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі де – «әл-Адл» (Әділетті). Өйткені Жаратушы Алла Тағала иманды мен имансызды ризықтандырды, көптеген елшілер жіберді, кітаптар түсірді, адасқан мен қателескен адамға тәубе есігін ашып қойды, туралыққа жол сілтеді», - деп, «Қоғам әділдікпен дамиды» тақырыбында насихат айтты.