Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Аймантөбе ауылдық «Аймантөбе» мешітінің жастарына «Елдің болашағы жастардікі» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Қазіргі жастардың кейбірінің сөзі мен іс-әрекеті сәйкеспей жатады. Соған орай қазіргі жастардың екі түрлі әлемін салыстыра ой толғағым келеді. Жаңа заман – ғылым мен инновациялық технологияның қарыштап дамып, өте жоғары деңгейге жеткен шағы. Қазір еліміздегі бар мүмкіндікті қолданып, білімге құштар болып жүрген жастар аз емес. Білімге құмар болған сайын адамның ой-өрісі кеңейіп, қоғамда оған қарап бой түзейді. Жаңа ғасырдың мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана біліп жатқан жастар көпке үлгі бола алады. Ондай жастар жоғары оқу орнын тек Қазақстанда ғана оқып шектелмей, одан әрі өз білімдерін жетілдіріп, шетелге оқуға түсіп жатады және де түрлі ғылыми жоба қорғап, белсенділік танытып елімізге үлес қосады. Білімдерін одан әрі іс жүзінде дамытып жатқан жастар қаншама! Бұндай талантты жастарды мақтан тұтамыз. Танымал журналист марқұм Бейсен Құранбек: «Егер жастар білімге, ғылымға аш болса, биік табысқа жетеді», - деген болатын», - деді.