Наурызнама кестесіне сәйкес, Ынтымақ күні ретінде байзақтық тұрғындар кеңінен атап өтуде. Бұл күн өткенді еске түсіруден, ата-бабамыздың қазіргі уақытты қалыптастыруға және сақтауға қосқан үлесінің маңыздылығын түсінуден тұрады. Бұл ел үшін маңызды тарихи оқиғалар мен ұлттың жетістіктерін еске алу уақыты, сонымен қатар елдегі әртүрлі топтар мен қоғамдық топтарды біріктірудің маңыздылығын білдіреді.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бірнеше ұлт пен ұлыстың тұрақты мекеніне айналған Бурыл ауылдық округінде Наурыз мейрамы тойланды.
Бурыл жұртшылығын арнайы құттықтауға келген аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы сахна төріне шақырылды.
«Ұлыстың Ұлы күнінде Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Наурыз мерекесі жақсылығымен келсін. Ең бастысы елімізде тыныштық, ынтымағымыз артып, жұртымыз тыныш болғай. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын», - деді аудан басшысы.
Мұнан кейін округ әкімі Ерлан Аширбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Тасболатов, мәслихат депутаты Құралай Үкібаева, еңбек ардагері Несіпкүл Байжанова және Бурыл ауылдық «Шолпан Дәуіт» мешітінің имамы Қанат Тұмарбекұлы ақжарма лебіздерін білдірді.
Одан әрі өнерпаздардың халық әндері шырқалып, үлкен-кішінің мерейін асқақтатып, көңілдерін шаттыққа бөледі. Мереке аясында барлық мекеме қызметкерлері ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында көптеген қойылымдарды халықтың назарына ұсынып, достығымызды паш ететін этнос өкілдерінің қатысуымен әр ұлттардың билерін билеп, «Наурыз көже» таратылды.
Сондай-ақ, айтулы күнде ауыл жастарының қатысуымен ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар берілді.