Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін ауылдық мешітінің имамы Қайрат Әбдіғұлұлы орта мектеп оқушыларына теріс діни ағымдардың балаға тигізер кері әсерлерін баяндап, ақпаратты түсіндіру жұмысын жасады.
Ауыл имамы насихатында: «Дін атын жамылған ағымдар қатарын жаңа мүшелермен толықтырып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай-ақ, психологиялық қысым көрсету, қорқыту арқылы мүшелерді ұйымда ұстап қалудың әр түрлі жолдарын қарастырады. Олар осылайша адамның тұрмыс қалпын, еркін, ақпарат пен дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Заңсыз әрі мамандандырылмаған медициналық қызметпен айналысып, сенушілерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген теріс пиғылды ағымдар да бар. Бұл ағымдар ұйым мүшелерінің құқығын бұзып, «сананы бақылау» әдісі арқылы денсаулығына, психикасына зиянын тигізеді. Көптеген миссионерлер жергілікті халық көп шоғырланған елді мекендерде тұрып, қызметтерін табысты атқару үшін сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын жеткілікті деңгейде зерттеп, үйренеді,- деп барынша сақтандыруға тырысты.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі