Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Жұмағұл Қанат Әділханұлы арнайы Қызылжар өңіріне сапар шегіп, Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясын «Дархан дала» жобасы аясында аралап, тарихымен танысты.
«Абылай хан резиденциясы» – Петропавл қаласында орналасқан Абылай ханның мұражайлық кешені. 2008 жылы 21 тамызда резиденция Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды.
Абылайдың ақ үйі, Абылайдың ордасы – Абылай ханның Петропавл қаласындағы ордасы – тарихи ескерткіш. Қазақстанның солтүстік аймағын отарлау басталған кезде Есіл өзені жағасында орналасқан Қызылжар қыратында 1752 ж. әулие Пётр бекінісінің құрылысы басталды. Бұл өз кезегінде елдердің арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың орнығуына әсерін тигізді. Осыған байланысты казактардың дала тұрғындарына тиісіп, қазақтардан мал тартып әкетуі және жер учаскелерін басып алуы тәрізді мәселелерді талқылау үшін ханның арнайы ордасы қасында осындай құрылыс салу қажеттігі туындады. Мұрағаттық материалдардың мәліметтері бойынша, «Оның, Абылайдың, өтініші бойынша Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында әулие Пётрдің бекінісі жанынан оның келіп тұруы үшін 1765 ж. ағаш үй салынды» (Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаты, 158-қор, 1-тізбе, 295-іс 33-б.).
«Енқыстау (қыстауға арналған кең жазық)» сонымен, «Абылайдың ақ үйі» тек қана тұрғын үй үшін емес, сонымен қатар шиеленісті мәселелерді шешуге арналған орынға айналды. Ғимараттың орналасқан жері туралы әртүрлі пікірлер бар. Оның бекіністен 2-3 шақырым жерде, «тау» етегінде (еңістік жерде) орналасқандығы дәлмедәл анықталды, бұл сол кезде (19-гасырдың екінші жартысы) қаланың шеті болатын.
«Абылайдың ақ үйі» қалада болған өрттің бірінің салдарынан жанып кеткен тәрізді, оның орнына тастан үй салынған, оны халық бұрынғыша «Абылайдың ақ үйі» деп атаған. «Абылайдың ақ үйі» қазақ халқының ұлттық тарихи ескерткіші болып табылады. Абылайдың ақ үйінің құрылысы Абылай хан өмірінің деректерімен және мұрасымен тікелей байланысты. Оған көп уақыт жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегендіктен үй айтарлықтай зиян шеккен. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Т.А. Мансұровтың бастамасымен және ҚР Президентінің қолдауымен 2006-2007 жылдар ішінде тарихи-мәдени ескерткіш толық қалпына келтірілетін болады.