Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы «Дархан дала» жобасы аясында Петропавл қаласында орналасқан «Ислам мәдениеті» музейін аралап, тарихымен танысты.
Ислам мәдениеті музейі өткен жылдың сәуір айында ашылған еді. ХІХ ғасырда мешіт болған көне ғимарат осы уақытқа дейін Киров зауытының қоймасы ретінде қолданылып келген. Оның халық арасында құрылысқа қаржы бөлген көпестің құрметіне «Дәулеткелдиев мешіті» аталғаны жайында да деректер бар. Музей ерекше сәулетімен көз тартады. Қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған.
Ғимараттың бүйірінде салынған екі қабатты мұнарасы жақсы сақталған. Жергілікті тарихшылардың айтуынша, мешіт жанынан медресе жұмыс істеген. Сонымен қатар неке қию, жаңа туған балаларға құжат беру жұмыстары жүргізілген. Оны архивтен табылған метркелік кітап айғақтайды.