БАЛАҒА АТ ҚОЮ

БАЛАҒА АТ ҚОЮ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Балаға ат қою өте маңызды, жауапты әрі сауапты іс. Алғашқы жаратылған адам баласының періштелерден де жоғары болуы және періштелердің адамға құрмет мақсатында сәжде ету себебінің бірі – Адамның заттарға атау беру қабілеті болса керек.

«Азан шақырып қойған аты» деген сөз тіркесі қазақ дәстүрінің ислам дінімен қаншалықты астасып кеткенін аңғартады. Дәстүрлі дінімізде балаға ат қою Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей құлағына азан мен қамат айту арқылы жүзеге асады. Хадисте: «Кімде-кім дүниеге келген баласының оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат айтса, ол балаға «Үммус сибянның» (жын-шайтанның) зияны тимейді»  (Ибн Сунни). Балаға ат қою рәсімін азан мен қамат сөздерін дұрыс әрі жатқа білетін діндар адамның дәрет алып өткізгені жөн. Ол кісі сәбиді қолына алып құбылаға қарап сәбидің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтады. Дәстүрімізде азан мен қамат айтқан соң сәбидің құлағына үш рет атын айту қалыптасқан.

         Ал, балаға ат қою қай уақытта жүзеге асу керектігіне келсек, хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаңа туған баланың жетінші күні атын қойып, шашын алып, ақиқа құрбанын шалуды бұйырды» - деп айтылған (Тирмизи, 2832). Ал, Сахих Муслимде келген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) баласы Ибраһимнің атын туылған түні-ақ қойған. Осы хадистерден аңғаратынымыз балаға туылған сәтінен бастап жеті күн ішінде ат қою абзал болып табылады. Ал, бір себептермен жеті күннен кешігіп жатса, оның әбестігі жоқ.

          Балаға ат қою ата-ананың басты жауапкершіліктерінің бірі. Бауыржан Момышұлы атамыз адамға дүниеге келгенде берілетін есім оған өмір жолында бағыт сілтейтін жарық жұлдыз іспетті өмір бойы жанында болатын алғашқы және қасиетті белгілердің бірі екенін айтқан. Сол себепті сәбиге ат қоярда мағыналы, айтылуы оңай және заманымызға сай жақсы мағына беретін аттарды таңдау өте маңызды. Адам есімі адам тағдырына, болмысына әсер ете ме деген сауал төңірегінде ғалымдар өткен ғасырдан бері зерттеулер жүргізіліп келеді. Ғалымдардың зерттеуінлерінше адам есімі оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есіммен атаған сайын тұла бойы да соған сәйкес көркемделе түседі. «Бір кісіге қырық күн жаман десең жаман, жақсы десең жақсы болады» дейді. Балаға қоятын есім оның өмірінің соңына дейін еститін сөзі, сол себепті қойылған есім де бір жағынан дұға болып саналады және де махшар күнінде сол атпен Алланың құзырына шығамыз.

Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аты қойыларда Хз. Әмина Мұхаммед атына байланысты түстер көреді. Пайғамбарымыдың аты анасы тарапынан айтылып, атасы Абдумуталіп тарапынан қойылған. Балаға ат қою дінімізде әкесіне жүктелген жауапкершілік.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мағынасыз, келіспейтін адамдардың есімдерін өзгертіп отырған. Сахабаларын да ат қою мәселесіне жауапты қарауға шақырған. Хазреті Әлидің (р.а) алғашты баласы туылғанда оған Харб деген ат қойған екен, Пайғамбарымызға хабар берген кезде баланың атын Хасан деп өзгерткен. Екінші баласы дүниеге келген кезде де атын Харб (соғыс) деп қойған, Пайғамбарымыз тағы да өзгертіп, Хусейн деп қойған.Үшінші баласы дүние есігін ашқанда «мен  соғысты жақсы көретін адаммын – баламның  атын Харб деп қойдым» дегенде Пайғамбарымыз оны Мухассин деп өзгертеді.

Қайыржан Пердебайұлы,

Жамбыл облысы Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық

«Әбдімәжіт» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: