Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы жамағатқа «Шағбан айының берекесі» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Шағбан қасиетті үш айдың бірі. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған бұл ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Қасиетті шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Айталық, бойымызды түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет-ықыласымызды дұрыстап, мейлінше пәк жүрекпен қадам басу. Яғни, қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту, көпшіліктің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғау», - деді.