Жамбыл облысы Байзақ ауданы Базарбай ауылдық «Базарбай» мешітінің имамы Ербол Қасқырұлының ұйымдастыруымен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында миғраж түнінің құрметіне ораза ұстаған мешіт жамағатына ауызашар дастарханы жайды.
Дастархан барысында аудандық мешіттің наиб имамы Баешов Азамат: «Сөздікте «Миғраж» сөзі «жоғары көтерілу» дегенді білдіреді, шариғаттағы мағынасы «Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исра түні Бәйтул-мақдистен Ең Жоғарғы аспанға көтерілуі». Яғни, Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түні Мекке қаласынан Ақса мешітіне апарып, сол жерден миғражға көтерді. Исра сүресінде: «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк», – делінген. Аятта келген «Исра» сөзі түнде жүру дегенді білдіреді», деп «Миғраж түні – қаңдай түн?» тақырыбында насихат айтты.