Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Көктал ауылдық «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұмада насихат айтты. Насихат барысында Қанат Әділханұлы: «Алла Тағала қасиетті Құранның «Бәйина» сүресі, 5-аятында: «Асылы, олар тек қана хақ діннен ауытқымай, Аллаға шын ықыласта болып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған. Нағыз тура дін міне – осы», – деп айтқан.
Ықыластың орны – жүрек. Имам Журжәни (Алла оны рақымына алсын): «Ықылас – жүректі лас дақтардан ада етіп, тазарту. Кез келген нәрсеге өзге бір зат араласып тұрады. Егер ол сол кемшіліктен арылып тазарса, «халис» (таза) болады», – деген. Ендеше әр адам өзінің жүрегіне мән беріп, оның тазалығына, шынайы ықыласты болуына назар аударуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында Алла сендердің түр-әлпеттеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды, алайда жүректеріңе және іс-амалдарыңа қарайды», – деді», - деп «Ықыластың діндегі орны» тақырыбында уағыз айтты.