Күндердің сұлтаны – жұма күні Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы «Қызыл жұлдыз» ауылдық «Бейшен» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұма намазын өткізді.
Жұма намазының алдында Қанат Әділханұлы: «Ислам – адамзат баласын көркем мінез-құлыққа, әдептілікке, сабырлыққа, шүкіршілікке тәрбиелейтін кәміл дін. Яғни, дініміз мұсылман адамның бойында табылуы тиіс рухани қасиеттерге шақырады. Осы рухани қасиеттердің бірі – қанағат. Қанағат қолыңдағы барға разы болу, шүкіршілік ету, сондай-ақ нәпсі қалауларынан тыйылу, шыдау деген сөз. Ал «қанағат» сөзінің шариғаттағы діни терминдік мағынасы – Алла Тағаладан өзге ешкімнен, ештеңе дәметпеу. Яғни, тек Алладан ғана үміт етіп, ризық-несібесіне разы болу. Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Нахл» сүресі, 97-аятында: «Қандай да мүмин ер немесе әйел кісі түзу (ізгі) іс істесе, біз оған міндетті түрде жақсы өмір (тіршілік) сыйлаймыз. Әрі біз оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз», – деп айтқан.
Ғалымдарымыз осы аяттағы «Жақсы өмір сыйлаймыз» деген сөзді «қанағат еткен тіршілік» деп анықтама берген. Демек, қанағат еткен кісінің өмірі жақсылыққа, ізгілікке толы болады деген сөз», - деп «Қанағат қарын тойғызар» тақырыбында насихат айтты.